Көкшетау тұрғыны хирургтің біліксіздігінен аяғын кестіруге мәжбүр

Бір жыл бұрын Владимир Пистуновичтің саят құрып, кең далада сайран салып жүргеніне қазір ешкім сенбейді. 11 рет пышаққа түсіп, денесінде сау жері қалмаған аңшы енді 12-ші операцияға - аяғын кестіруге барады. Бұл сергелдең облыстық ауруханадан басталған.

Владимир Пистунович, Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Операцияны өзім жасаймын, біріншісі 100 мың теңге деді. Төледім. Одан соң жағдайым тіпті қиындады. Екінші «ем қиындау» деп 300 мың сұрады. Әйелім жинап әкеп берді. Қайдан білейін, шынымен операция жасау тегін емес, «ақылы» шығар деп ойлағам.

Екі рет операция жасалғаннан кейін науқастың жағдайы тіпті қиындап кеткен. Кейін Астана мен Омбыдағы мамандарға қаралыпты. Ол жақтан да бірнеше рет пышаққа түскен. Енді ауруы асқынған аяқты мүлдем кестіруге мәжбүр. Ал ақша берген хирургі Александр Дьячков деген қалалық аурухана қызметкері екен. Науқас текке төлеген сол 400 мың теңгесін сұрай барғанда естімеген сөзі жоқ.

-  Мен жүре алмай қалдым.Менен неге ақша сұрадың?

-  Ауру қылған мен ба?

Не үшін менен ақша алдың?

Ақшаңды қайтарып беремін.

-
Сен мені әбден шаршаттың. Ертең беремін,ақшаңды. Қазір жоғалшы әрі...

Тегін операцияға теңге сұраған хирургтің үстінен Владимир аурухананың бас дәрігеріне шағымданған. Басшылық «шара қолданамыз» деп қана жылы шығарып салыпты. Бірақ мәселенің мән-жайын аурухана басшылығының өзінен сұрағанымызда, олар хирургті білікті маман, сондықтан оны «жұмыстан шығара алмаймыз» деп қысқа қайырды.

Дмитрий Чайков: Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Бұл жағдайды «нақты солай болды» деп кесіп айта алмаймын. Өйткені, бұл науқас пен хирургтің арасындағы кикілжің. Сондықтан, біржақты «хирургті кінәлі» деп қалай жұмыстан шығарамыз. Ол өте тәжірибелі маман. Өзімен сөйлестік, бәрін жоққа шығарып отыр.

-Хирургтың қателігін әрине, науқас дәлелдей алмаған. Бірақ, басы дауға қалған хирург әлі күнге дейін жұмысынан қуылмақ түгілі, ескерту де алмаған сыңайлы. Оның алдына барып, «кемтар болып қалдым» деген адамдар ғаламторда арнайы форум ашып, енді науқастарды «Дьячковтан құтқарыңдар» деп көмек сұрап жатыр.