- Алты баланың анасы Анар Сыздыќованың әр табалдырықты тоздырып, көмек сұрап жүргеніне бір ай болды. Оған бір халық қалаулысы қайырымдылық танытып, жекеменшік қонақ үйінен орын берген. Бірақ оны да жақында босатуы керек. Ал Сыздықовтардың үйін топан су басқанда, оларға көмек беріледі деген жергілікті атқамінерлер енді мәселені бір-біріне сілтеумен отыр.
Жаутаңдап қарап тұрған мына бүлдіршіндер қонақ үйге көшіп келгелі тойып тамақ ішпеген. «Үй мүлкіміз бүлініп, азын-аулақ қорымыз батпақта қалғалы әбден қиналып кеттік. Ақшамыз да бітті» дейді аналары Анар Сыздықова. Осы өткен бір айда басшылардың есігін қағып, көмек сұрағанмен, әзірге ешкім қараспаған. Енді алдағы күніміз не болар екен деп алаңдап отыр.
Анар Сыздықова, 6 баланың анасы:
- Үйге бара алмаймыз үйде пеш те жоқ, ештеңе жоқ. Бәрі құлады ғой, су кетпей тұр.Қала, облыс әкіміне жаздық. Жауап жоқ.
Мына бір парақ қағазды алғалы келіншектен тіпті маза кеткен. Онда қонақ үйді қыркүйектің 1-не дейін босатуды сұрапты. Шиеттей баламен қабырғасы қақырап, іші суға толы үйді жөндеген күннің өзінде дым тартқан баспанада тұру балалардың денсаулығына қауіпті. Анар онсыз да қолындағы 5 айлық сәбиімен ауруханада жатып шығыпты. Ал шенеуніктер осы мүшкіл халі үшін оның өзін кінәлауда.
Анар Сыздықова, 6 баланың анасы:
- Бастығына кірдім Инна Романовнаға. Киеуің жағдайыңды жасай алмаса неге туасың деді.
Шілде айындағы нөсер жаңбырда Көкшетаудың 160 үйіне су кірген. 60 отбасы көп шығынға батты. Барлығына дерлік 55 мың теңгеден көмек көрсетілген. Бұл қаражат үйі апатты жағдайда тұрған Сыздықовтарға түкке жетпеген. Қазір 6 баланың әкесі Азамат Сыздықов сол жерден қабырға көтеріп, үй тұрғыза бастаған. Бірақ құрылыс материалдары жетпей тоқтап қалыпты. Ал қала басшылары бұл жағдайды реттейміз дейді.
Алтынай Әміренова, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
- Бүкіл отбасыларға материалдық көмек көрсетілді. Тек қана осы отбасыда үй жоқ. Кәсіпкерлерді қосып,құрылыс материалдарын тауып, кірпіш жағынан, ағаш жағынан қазір жұмыс бастап жатыр. 1-ші қыркүйекке дейін жөндеуді бітіріп, осы жанұя қайтадан өз шаңырағына оралатын болады.
Бұл отбасындағы 6 баланың 3-і мектеп жасында. Олар әлі жаңа оқу жылына әзір емес. Киім-кешек, құрал-жабдықтары алынбапты.