Көкшетауда ауладағы жанжалды шешуге облыс әкімі Сергей Кулагиннің өзі келді

Тұрғындар бұл аулаларды күрделі жөндеуден өткізуге әрең дегенде қол жеткізген. Маңай тегістеліп, жаңа асфальт төселе басталғанын көріп қатты қуанған. Ауладағы футбол алаңын сүріп тастап,  тас төгіп жатқанын көріп, оны жаңартатын шығар деп ойлаған екен. Бірақ 20 жыл бойы балалардың ойын алаңы болған жер көлік тұрағына айналатынын естіген ел өре түрегелді.

Берікқазы Мәсәлімов, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Балалардың футбол ойнайтын алаңын алып қоюға ешкімнің құқы жоқ. Әкімдерде бала жоқ па? Балалар енді қайда барып доп тебеді?Тұрақтың түкке де керегі жоқ. Істеткізбейміз біз.

Шынында да алғашқыда футбол алаңы жобада болған. Неге екені белгісіз кейін өзгерту енгізіліп, асфальт төсей салу керек деп шешіпті. Осыны естіген жұрт мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы шықты. Ал құрылыс компаниясындағылар «бізден кінә жоқ» дейді.      

Николай Кулеевич,«Көкшеавтодор» құрылыс компаниясының учаске бастығы:

-Біз орындаушы ғанамыз. Иә, футбол алаңы алғашқыда жоспарланған. Жобада болған. Бірақ, әкімдік сызып тастады. Біздің қандай кінәміз бар?

Көпқабатты 5 үйге ортақ ауланы айнала көлік қоятын орындар жасалыпты. Сондықтан тұрғындардың өздері енді машинаға орын жеткілікті дейді. Бірақ дәл ортадағы футбол алаңын не үшін алып тастағанын олар түсіне алмай жүр. Бұған балалар да қарсы.

-  Әкім ағай футбол алаңын қалдырыңызшы...

Балақандардың жалынышты даусы құлағына жетті ме, осы кезде анадайдан қала басшыларын ерткен облыс әкімі Сергей Кулагин көрінді.

-Если вы будете диктовать мне условие..

-Нет просим..

-Не ради бога это сделать. Не ради бога. Я вам сказал не надо меня тоже испытывать.

Десе де, облыс әкімі тұрғындар өтінішін жерге тастамады. Футбол алаңын қалдырамын деп уәде берді. Жұрт қуанып қалды.