-Қопа – Көкшетау қаласына жапсарлас жатқан көл. Қала іргесінде болғандықтан, балық аулауға аңсары ауғандар үйлерінен шығып-ақ қармақ сала алады. Бірақ қармаққа іліккенді азсынғандар ау тартып, балықты қырып барады дейді балық инспекторлары. Торға түсіп шоршыған балықтардың арасында шабақтар ғана емес, тыйым салынғандары да кездеседі.
Кәнігі браконьерлер таң қылаң бере шығып, ауға түскен «олжасын» жинап алады. Инспекторлар сол үшін көл үстіне ерте шықты. Ал құрылған ауда сан жоқ. Ұзындығы 50 метрден 100 метрге дейін жететін торларға түскен балықты уақытында жинап алмаса, бүлініп, сасып кетеді. Осылай көл суы да ластанады дейді инспекторлар. Бірақ оңай олжаны ғана көздеген браконьерлер оны ойлап жатқан жоқ.
Күндіз-түні Көкшетаудың сексен көлін сүзіп шыққан инспекторлар 2 аптада ғана 14 браконьерді ұстап айыппұл салған. Тәркіленген аулардың жалпы ұзындығы 80 шақырым.
Мұрат Шалабаев, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы:
-Құнарлы балықтарға 15 сәуірден бастап 15 мамырға дейін тыйым салынған аулауға. Шортан балығы, ақсерке, содан кейін тұқы балығы. Осы кезде уылдырық шашып, сол міне браконьерлер пайдаланып ауларды қойып аулайды.
Моторлы қайықтағы инспекторлар екенін білетін браконьерлер оңайлықпен ұстатпайды. Ауды құрып тастап, қармағын алып отыра қалады. Сосын аудың нақты осылардыкі екенін дәлелдеу қиын дейді табиғат жанашырлары.
Loading...