Көкшетауда базарда емес, өздерін түрмеде жүргендей сезінетін саудагерлер шу шығарды

Базар әкімшісі мына саудагерге айыппұлды сол жердегі дәріханаға 5 минутқа барып келгені үшін салған. Ондай айыппұл түрлері көп. Соңғы бір жылдан бері орталық базарда осындай сергелдең.

Евгений Дехман, саудагер:

-Бізді санап кіргізеді. Сәл кешіксең айыппұл төлейсің. Төлемей көр, күзетші қасыңда тұрып алады. Бұл жер түрме сияқты. Тіпті баламыздың мектептегі жиналысына бара алмаймыз. Әкімші келгенде еңкеюге де болмайды. Көрмей қалса, жоқ деп, сауда орныңды жауып тастайды.

Әкіреңдеген әкімші тіпті аптаның бірінші күні берілетін демалысты да алып тастаған. «Дүйсенбі – тазалық күні» деп көрсетілгеніне қарамастан, сауда орнындағылар демалыссыз еңбек етуі тиіс.

Бақыт Төлегенова, саудагер:

-Біз бір жылда 365 күн жұмыс істеуіміз керек. Мейрам дегенді білмейміз.  Ертең сайлауға да бара алмаймыз. Айыппұл салады.

Саудагерлерді сайлаудан қалдырмауға бастық келісті. Тек 400 адамды тізімдеп тұрып, кезекпен жіберем дейді базар әкімшісі.


Бақытжан Ысқақов, Орталық базар әкімшісі:

-Сайлауға жібереміз. Тек жеке-жеке қарастырып, белгілі бір тәртіппен барасыздар. Бізде жұмыс регламенті бар. Соны сақтауымыз керек. Қазір базар емес, сауда үйі деген мәртебе алдық. Сондықтан демалыссыз жұмыс істеуге тиіспіз.

Мұнда саудагерлердің арнайы киімі нөмірленіп те қойылған. Осы бойынша есеп жүргізеді екен. Соған қарап, өзімізді жазасын өтеуші сияқты сезінеміз дейді сатушылар. Жұрт құзырлы органдарға да жүгініпті. Тек ондағылар базар мен жеке кәсіпкерлер арасында жасалған келісім-шарт аясында мәселені шешуге кеңес берген. Саудагерлер енді теке-тіресті сотта шешпек. 

Loading...