Көкшетауда қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

Еске сала кетсек, осыдан тура екі ай бұрын қазанның 17-і күні Көкшетаудағы «Реал Газ»ЖШС-не қарақшылық шабуыл ұйымдастырылған болатын. Сол кезде беттерін тұмшалаған күдіктілер серіктестік күзетшілерін байлап тастап, сейфті ішіндегі ақшасымен бірге жымқырып кетпек болды. Алайда, күзетшілердің дер кезінде көмек шақырып үлгергенінің арқасында күдіктілер құр алақан ізін суытқан еді.

Кейін аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шарасы қолға алынды. Нәтижесінде араға тура екі ай салып 1981, 1987 және 1992 жылы туылған күдіктілер қолға түсті. Оның екеуі облыс орталығының тұрғыны болса, біреуі атбасарлық екені анықталды. 


Олардың үшеуі де осыған дейін соталған. Қазіргі кезде олардан айғақтар тәркіленіп, түсініктемелер алынды.