Көкшетауда қос көпірдің құрылысы басталды

Шындығында бұл сирек көрінетін, сирек болатын құбылыс деуге тұрарлық. 196 жылдық тарихы бар шағын шаһар бұған дейін қос көпірді қатар салып көрмеген. Қатарынан қос көпір салынып жатқанының ешкім куәсі болмаған.

Қопаға құяр ені он бес-жиырма қадамдай болатын Қылшақты өзені қаланың ортасынан өтетіндіктен, тұрғындарға өткел қажеттігі белгілі.

Көкшетауда онға тарта көпір бар.

Көрікті шаһардағы ауқымды құрылыс жұмыстары кеш түсіп, көз байланғанда да тоқтамайды. Алып техника, алымды жұмысшылар қауырт қимылдап, іске жалындай кірісуде. Уақыт тығыз. Сапа да, сән де керек. 20-дан астам нысан, инженерлік желілер, жол салу жұмыстары қызу жүруде,- дейді қала әкімінің орынбасары Ельдар Әбуев.

Көкшетаулықтардың да туған қаланың көркіне көрік қосылар сәтіне, салтанаты артар шағына деген қуаныштарын да аңғару қиын емес.

Былтыр Ғабдуллин көшесінің бойында жаңа автомобиль көпірі салынды. Көкшетау көлді жағалай орналасқан еліміздегі бірден-бір қала екені өз алдына, шындап шұғылданып, арнайы көңіл бөлсе, ең көпірі көп қалалардың да біріне айналуы әбден мүмкін ерекше шаһар! Арасы екі жүз қадамдай жерден ерекше бір құрылыс жүріп жатыр. Әрине, инженерлердің есебі түзу. Өз жоспарларын кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Ал, сырт қараған кісіге таңсық. Шағын өзен топырақпен бітеліп, тапталып, барлық су бір-екі тұрба бойымен ғана ағып жатады. Біресе, өзен арнасы бір бүйірлеп, бұрылып ағып жатқанын көресің. Біресе, өзеннің көлге құяр сағасы кеңіп, ақтарыла тартқанын көресің. Ауыр техникалар, ұзын мойын крандар мен эксковаторлар құдды бір кеме сияқты, өзен үстінде жүргендей көрінеді кейде. Шынжыр табандары биік жарқабақтың жиегін жаныша басып жылжып бара жатқаны. Қауіпті-ақ. Бірақ, өз ісінің шеберлері қиын да күрделі жұмыстарды тек күн емес, түнде де қарқынды жүргізуде. От ұшқындарын жарқылдатқан темір дәнекерлеуші, бетон құюшы жігіттер іске алаңсыз кіріскен. Ештеңеден тайсалып, жасқанатын емес. Жұмыс осы қарқынмен толассыз жүретін болса, діттеген уақытта көрікті-келбетті тамаша екі көпір бірден ашылып есте қаларлық оқиғаның да куәсі болармыз. Кейінгіге осынау оқиғаны жыр қып айтармыз, әлі!, - дейді қала тұрғыны Қабдеш Елемесов.

Көпір салу үшін оның маңайы кеңейтіліп жатыр. Өйткені, көпір ені бұрынғыдан әлдеқайда енді, үлкен. Бойы көк тіреп, жайқалып өскен ағаштарды алып тастау керек болып жатыр. Құрылысшылар оны да ойлап, жолын тауыпты. Ағаштар түп-тамырымен мұқият қазылып алынып, жақын жерден Ауған соғысында қаза тапқандар үшін ашылған скверге апарылып отырғызылған.


Солтүстіктің климаты шаһарды жасыл желекке айналдыруға көп кедергі келтіретіні рас. Соған қарамастан қалаға ерекше көрік беру үшін биыл 2 миллионнан аса гүл көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.

Алдағы форумға дайындалған қалада керемет әдемі нысандар, өрнектер қойылмақ. Қала жаңарып, жаңғырады, көркейеді. Сондықтан, тұрғындардың да сана-сезімі өзгеріп, тәрбиелілік, мәдениеттілік танытуы қажет деп есептейді зиялы қауым.

Әсіресе, үлкендер, ата-аналар балаларына туған қаланы сүю, аялау, оны қолдауды үйренуі керек, оқу орындарында осы бағытқа тәрбие жұмыстары жанды жүруі керек деген ойдамыз. Сонда, толқындап аққан Қылшақты үстімен көлденең түскен қос көпір, еңселі сарайлар, көркем гүлзарларды талмай тамашалап, ертеңгі ұрпаққа ертегідей көркем қаланы аманат етпекпіз!, - дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат.