Көкшетауда студент ұстазын өлімші етіп сабап тастады

Саят Қапаров оқушылар үзіліске шыққан кезде тәртіп бұзған шәкіртіне ескерту жасаған. Ал студент оған жұдырық ала жүгіріпті.Техника мамандарын даярлайтын мектептегі төбелес студенттердің көз алдында болған. Әбден есірген 17 жасар Артем Валеринді ешкім тоқтата алмаса керек. Баспалдақтың жақтауына, қабырғаға аяусыз басы соғылған физика мұғалімін ол әбден есінен танғанша ұрған. Бұл жағдайды студенттер айтып отыр. Ал оқу орнының басшылары жақ ашар емес.

Александр Титов, Жоғары техникалық мектеп директорының орынбасары:

-Мен бұл жөнінде ешқандай сұхбат бермеймін.Полиция анықтасын. Бәрін сонда ғана айтамыз. Әзірге бізді мазаламаңыздар.

Ал 24 жастағы физика мұғалімі болса қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Екі рет басына ота жасалған. Ауыр соққыдан аузында бір тісі қалмапты. Оның жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

Александр Даниленко, нейрохирург:

-Ауруханаға әкелгенде комада болды. Оны құтқару үшін қолдан келгенді жасап, екі рет ота жасадық. Әлі ес жиған жоқ.Басындағы ісігі тым үлкен.

Ұстазын өлімші етіп сабаған студент қазір бостандықта. Кәмелетке жасы толмағандықтан, ата-анасының қарауына тапсырылған.


Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Қасақана дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Денсаулығына келтірілген залалдың қаншалықты ауыр екені сараптамадан кейін белгілі болады.Бұл баптың өзгеруі де әбден мүмкін, ол жәбірленушінің жағдайына байланысты.

Оқытушының ата-анасы бұл істі бұлай қалдырмаймыз деп отыр. Олар жоғары оқу орнын үздік бітіріп, енді еңбекке араласып жүрген ұлдарының жағдайына алаңдаулы.

Жеңіскүл Қапарова, жәбірленушінің анасы:

-Халі ауыр . Қай уақытта есін жинап, қай уақытта тілге келеді белгісіз. Жоқ.Қалдырмаймыз бұлай.

Туыстары қазір барлық құзырлы органдарды жағалап жүр. Олар оқу орнындағылар «мұғалім өзі құлап жарақаттанды» деп түсініктеме бергендіктен, бұл жағдай жабулы күйінде қала ма деп қорқады.