Көкшетауда танымал ресейлік актер А. Панин қойылымға мас күйінде келіп, жанжал шығарды

«Кеше кешке «Бес в ребро» спектаклі басталар алдында облыстық филармонияға ішімдікке тойып алып, әбден мас болып келген ол сахна сыртында дау шығарды. Мені және филармонияның басқа да қызметкерлерін қорлады», - дейді спектакльді ұйымдастырушы, актриса Марина Друцкая.

Оның сөзіне қарағанда, Панин сахнаға шығудан бас тартқан. Қалған актерлер спектакльдің болмайтыны жөнінде хабарламақ болған еді. Сол сәтте Панин көрермендер алдында шығып, спектакльдің жалғасатынын айтқан. Ал актердің қандай жағдайда тұрғанын көрген көрермендер біртіндеп залдан шыға бастайды. Бұдан ұялған оның әріптестері қалың көпшіліктен кешірім сұрап үлгерді.


Сонымен қатар, ұйымдастырушылар полиция қызметкерлерін шақыртқан. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, актерге қоғамдық жерде мас болғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, іс әкімшілік сотқа жіберілді. Қазіргі уақытта Панинмен бірге барлық Ресей труппасы ұйымдастырушыларға қойылым ақысын қайтарып, Көкшетаудан қайтып кеткен.

Айта кетейік, Ресейдің танымал актері Паниннің гастрольдік спектакльдер кезінде жанжал шығару оқиғасы бірінші рет орын алып отырған жоқ.