Таң сәріде келген трактор осылайша қоршауды бұзып тастапты. Бұл көпқабатты 10 үй тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды төгетін жері. Енді аяқ астынан қоқыс жәшіктері тұрған орынның иесі шыға келген.
Мәрзия Омарова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Заңсыз істеп жатыр. Тіпті сондай өзгеріс керек болса, халықпен сөйлесу керек қой. Есептесіп сұрамайды да.
Жұртпен есептескісі келмеген кәсіпкер қазаншының еркіне салған сияқты. Бүгін де ол қолындағы құжаттарын көрсетіп, жер менікі деп тұр.
Валерий Саломенцев, жеке кәсіпкер:
-Міне, менің заңды қожайын екенімді дәлелдейтін құжаттар. Санитарлық бақылау қызметі, жер учаскесіне қатысты құжаттар.
20 жыл бұрын берілген акті тұрғындардың да қолында бар. Онда бұл жердің ортақ қолданысқа берілгені көрсетілген. Соған қарамастан, 2007 жылы қуықтай жер жеке қолға сатылып кетіпті. Қоқысты келіп шаңын шығарып бұза бастағанын естіген коммуналдық қызметтегілер де бұлай болуы мүмкін емес таңданып отыр.
Мұхит Манашев,«Тазалық»коммуналдық кәсіпорнының бас инженері:
-Біз ештеңе білген жоқпыз. Бізге қазір телефонмен айтты. 1 ай бұрын айту керек. Оның үстіне бюджет ақшасына салынады.
Осыны айтып кәсіпкерге қиратқан қабырғаны орнына қоюды талап еткен «Тазалықтың» бас инженеріне тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері бас салды. Енді мәселенің мән-жайын құзырлы органдар анықтауы тиіс. Ал тұрғындар болса, қоқысты қайда төгерін білмей абдырап қалды.
Loading...