Өрт салдарынан 9 қабатты үйдің подьезін ілезде қара түтін басып, адамдарды сыртқа шығару қиынға соққан. Қазір иіс тиген бір тұрғын ауруханада жатыр. Ал өрт сөндірушілердің бірнеше қабаттағы терезелерді сындырып кіруіне тура келді.
Айнаш Қазтаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Өрт сөндірушілер 9-шы қабаттан екі сәбиіммен бірге әрең алып шықты. Қап-қара түтін, оның үстіне подьезде терезе жоқ. Анам әрең есін жиды. Өліп қала жаздадық қой. Мынау үй тұруға қауіпті.
Осы «Жансая» тұрғынүй кешеніне 300 отбасының көшіп кіргеніне 1 жыл да болған жоқ. Алғашқы суықта-ақ сыр берген есік-терезелерді аяз қысқан сайын қымтап қояды. Лифт істемейді, терезелерден суық үрлеп, қабырғалар дым тартқан.
Әсемгүл Тоқанова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Егер бұл мемлекеттік бағдарлама болса, неге мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Облыс әкімі Кулагин мырза 20 жас отбасына пәтер кілтін салтанатты түрде берген. Енді неге өзі басқаратын мемлекеттік қызметкерлерінің мына жағдайын келіп көрмейді?
Мемлекеттік комиссия қабылдап алғанымен, қала әкімдігі бұл үй бізде баланста жоқ деп отыр. Енді мердігердің кемшіліктерін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» түзететін болды.
Абай Манкеев, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма басшысы:
-Мемлекеттік бағдарлама бойынша осы үйден 337 пәтер сатып алдық. Ал онда кемшіліктер көп екені кейін белгілі болды. Мердігер бізді тыңдағысы да келмейді. Енді басқа компанияға тапсырыс беріп, өз қаржымызға жөндетеміз.
Ипотекалық компания өз қаржысына жөндеткеннен кейін, негізгі мердігерді сотқа беріп, шығынды солардан өндіріп алмақ. Ал аяз қысқан сайын суықтан ұлып тұрған пәтерлерінде амалсыз электр құрылғыларын қосатын тұрғындар шамдар жарылып, тұрмыстық заттар күйіп жатқанда тағы да апат орын алмасына кім кепіл дейді.
Loading...