Әуежайға Халықаралық мәртебе берілгенде бөркін аспанға атқандардың қуанышы ұзаққа бармады. Жарты жыл өтпей қаржылық қиындықтар басталған. Мекеме тіпті үш айдан бері жұмысшыларына айлық төлейтін ақша таппай отыр. Мұнда тиын сұрап, басшылықтың қолына қарап қалған 150 жұмысшы бар.
-Қыркүйектің толық, қараша айының жарты айлығын қашан аламыз? Бала-шағамыз үйде аш отыр.
Жағдайдың қиындағаны сонша, қызметкерлердің қолдарына жұмыстан қысқартылуы мүмкін деген ескерту қағаз да беріліпті. Араларында осы компанияда 40 жылдай жұмыс істейтін адамдар да бар. Олар не де болса жағдай түзелер деген үмітте. Десе де жалақысыз қалада күн көру мүмкін емес.
Рахымжан Ескендіров, әуежай жұмысшысы:
-Жағдай өте қиын. Шыдап жүрміз . Зейнетке шығуға жақын барлығы.Жұмыстан айырылып қаламыз ба деп қорқады олар.
Ал келгеніне екі ай ғана болған жаңа басшы компания қарызының көбейіп кеткенін айтып отыр. Бүгінде мекеменің тек жұмысшылар алдындағы берешегі 17 миллион теңгеден асады. Оның үстіне түрлі кәсіпорындар мен коммуналдық қызметке 200 миллон қарыз екен.
Жанат Кольчуков, «Көкшетау әуе компаниясы» АҚ президенті:
-Жалақы бере алмай отырған себебіміз – есеп-шоттарымыз түгел жабылды. Бұл бұрынғы қарыздар. Несие де бар. Ол 1 жарым миллиард теңгеге жуық. Ол Алматы филиалын жапқан кезде бізге ауысты. Үкіметтен көмек те сұрадық.Әзірге мәселе шешілмей жатыр.
Белшеден қарызға батқан әуежай әзірге бұл тығырықтан шығатын жол іздеп жатыр. Стратегиялық нысан болғандықтан коммуналдық қызметтерге әуежайдың жарығы мен жылуын ажыратуға заң жүзінде тыйым салынған. Ал жұмысшыларының жалақыға қашан қолдары жететіні белгісіз.