Көкшетауда жанармай таситын көлік аударылды

Көкшетауда жанармай таситын көлік аударылып, жерге отын төгілді. Оқиға өткен түнде болған. Қаланың жер үйлер орналасқан аумағы Брусиловский мен Шағалалы көшелерінің арасында көлік апатқа ұшырап, 500 литрдей жанармай сол маңдағы үйлердің ауласына кіріпті. Салдарынан 2 бала мен бір әйел уланып қалған. Қазір олар ауруханада. Ал жерге төгілген жанармай топырақпен көмілді. Қазір оқиға орнында құзырлы орган мамандары мен экологтар жұмыс істеп жатыр. Әйгерім Алғожина, жәбірленуші: -Сұйықтықтың барлығы көршіден келді. Ауламыз жанармайға толып кетті. Үйде отыру мүмкін емес. Исі өте жаман. Далада жүрміз. Құдығымызға да жанармай сіңіп кетпесе болар еді. Еркебұлан Есенжолов, қалалық ТЖ басқармасының басшысы: - Жанармай 500 метр аумаққа жайылған. Апаттан әсіресе Шағалалы көшесіндегі 54, 56, 58-үйлер қатты зардап шегіп отыр. Уланған балалардың жағдайы қазір қанағаттанарлық.