Көкшетауда жақында пайдалануға берілген үйдің тұрғындары наразылық білдірді

Мынау – биылғы Наурыз мейрамында жаңа пәтердің кілтін алып, тұрғындардың жүрегі жарыла қуанған сәті. Өйткені жаңа баспананы олардың көпшілігі өмір бойы күткен. Арасында мүгедектер мен отбасын құрған жетім балалар да бар. Енді, міне, 5 ай өткенде тынысы тарылып жатыр.

Қуат Нығметов, Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Мынау біздің жертөле. Біз осы сасық суға батып отырмыз. Дем алуымыз қиындап кетті. Не деген сұмдық,  жаңа үй құлайды ғой. Жертөлеге адам жақындай алмайды.Онда тіпті тоқ соғады.

Бұл – Көкшетаудағы жаңа ықшамаудан. Мұнда  әзірге пайдалануға берілген 5 қабатты үй мен балабақша ғана бар. Аялдама, балалар ауласы, жол, қоқыс жинайтын орын мүлдем жоқ. Бірақ тұрғындар мұның барлығын уақытша қиындық деп түсінеді. Ал жап-жаңа үйлерінің көз алдарында нәжіске батып бара жатқанына шыдай алар емес.

Виктория Лимакина, Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Біз енді қайда баратынымызды білмейміз. Коммуналдық қызмет басшысы қолын бір-ақ сілтеді. Мен әкімнің орынбасарына барып, осындағы барлық жағдайды айттым.Ол келіп көрді. Одан не пайда?Ештеңе істелген жоқ. Бұл сасық су енді аулаға жайылады. 

Зияда Ғаббасова,  Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Не істейміз,шыдаймыз енді. Мынау балалар келеді, көреді, кетеді. Сасып жатыр, отыруға үйдің іші сасып жатыр. Үйдің ішіне әйнектен келеді иісі, жаман өте жаман.Біз сияқты адамдарға өте жаман.

Кәріз құдықтары аузы-мұрнынан шығып толып тұр. Тиісті қызметтер тазаламаған соң жертөлеге кеткен.


Адай Есентұров, «Алтын» пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

-Бұл үй орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Үй солай салынған ғой. Үйді салғанда, ең алдымен орталықтандырылған желіге қоспаушы ма еді. Құдықтар қайдан шыдасын, толып қала береді. Келісілген коммуналдық қызметтер ақша жоқ деп тазаламай отыр. Мынау жертөле емес, дәретхана.

-Жап-жаңа үйдің жертөлесі дәретханаға айналды деп зыр жүгірген пәтер иелері кооперативінің төрағасы басшылардың табалдырығын тоздырып шаршағанын айтады. Жаңа ықшамауданда мемлекет бағдарламасымен бұдан басқа да көпқабатты үйлер бой түзеп келеді. Олар да орталықтандырылған кәріз желісіне қосылмаған.

Бұл жағдайды бір де бір басшы түсіндіргісі келмейді. Тағы бір кететін жайт, ықшамаудандағы пайдалануға берілген жаңа балабақша да орталық желіге қосылмаған.