Көкшетауда жатақханадан жанжал шықты

Бала-шағасымен қосылып шулап, шындыққа жете алмай жүрген мына адамдар бар пәле осы «Көкше-жәрдем» коммуналдық мекемесінен келді дейді. Мекеме басшысы Әди Елемесов жағдайды түсіндіруге келіп тұрса да, ашынған тұрғындарды тоқтату мүмкін болмады. Коммуналдық қызмет басшысын қолдарына берсе, түтіп жегелі тұрған олар бірден айғайға басты.

Шынымен әкімдік берген жатақхана ақпан айынан бастап тұрғындардың бас ауруына айналған. Мұнда онсыз да қысылып- қымтырылып бір бөлмеде 8 адамға дейін тұрып жатқандар бар. Енді сол тар бөлмелер одан сайын тарыла түскен. «Шаршы метр бағасын кім не үшін шарықтатып отырғанын түсінбедік. Қаладағы өзге жатақханаларда жағдай басқаша» дейді ашулы жұрт. 


-Қаншама жыл өтті, қаншама жауапты кәсіпорын өзгерді. Қайсы жөндеу жасады? Ешқашан жөндеу жасалған емес, біз өзіміз жасаймыз. Тарифті өсірмесін, өзіміз жасаймыз.

Жатақхана екі кәсіпорынға қарайды. Бірақ екеуі де бірде-бір рет оған қол тигізбепті. Ал әкімдіктің тұрғындардың ақшасына сапалы жөндеу жасайтынына жұрт сенбейді.

-Жұрттың мына шуы құлағына жетті ме, жаңа облыс әкімін тағайындау аяқталысымен, бұған дейін шақырып келтіре алмай жүрген қала басшысы Жарқын Жұмағұлов та жетіп келді. Ол аса байыбына бара алмаса да, тариф мәселесін түбегейлі шешуге уәде берді.