"Сауатты жарнама – тіл абыройы" атты республикалық байқауда Ақмола облысының намысын қорғаған Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Біржан Қайыров жүлделі І орынды иеленді, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
Аталмыш шараны Қазақстан халқының бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге, "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" ҚР Заңы талаптарының орындалуын қадағалауға атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, оларды ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды.
Байқауға еліміздің 10 өңірінен шағын, орта бизнес саласының өкілдері және жеке азаматтар қатысып, байқау шартына сай аймақтардағы көрнекі ақпараттағы қателерді, бұзушылықтарды анықтап, оны түзетуге бағытталған өз жұмыстарын ұсынды.
Біржан Қайыров – мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттап жүрген тіл жанашыры.
"Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі жарнамаларды қатесіз жазу өзекті мәселелердің бірі деп ойлаймын, өйткені көрнекі ақпаратты күнделікті өмірде көріп, оқимыз", - дейді байқау жеңімпазы.