"Көктаңбалы елміз деп айтады. Қазақтарды өздеріне өте жақын санайды": Сырымбек Тау жапон халқы туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол "Adyrna" YouTube арнасына берген сұхбатында Жапонияда ұлтжандылық ұғымының жоғары деңгейде екенін айтты.

"Әлемде жақсы көретін мемлекеттерімнің бірі - Жапония. Неге десеңіз, ол елдің жер астында қазба байлығы, дымы жоқ. Бірақ, біз Жапонияда жасалған тауарларды алғымыз келіп тұрады. Себебі, сапасы жақсы, халқы кішіпейіл, адамгершілігі мол, елінсүйгіш. Бізде елінсүйгіштік деген ұғым кетті. Көк туды жақсы көреді, әнұранды айта алады, елден шыққан Димаш, Головкинді таниды. Ары қарай ешкім айта алмайды. Елінсүйгіштік деген - ту, әнұран, батырлармен шектеліп қалмау керек. Көшедегі қоқысты көріп, алып тастасаңыз, көшедегі адамға жымиып жылу сыйласаңыз, ұлттық құндылықтарыңызды тізбектесеңіз - елінсүйгіштік. Жапондар осыны ең жоғары деңгейге қойған ел. Өздерінің ұлттық құндылықтарын дәріптейді. Жапониядан шыққан бір зат әлем бойынша дамып кететін осы. Сол затты 1000 кәсіпкерге көрсетсем деген арманым бар. Олардың әрқайсысы 100 адамға жұмыс беретін болса, 100 мың адам болады. Біз осылай елді сүйетін адамдарды тәрбиелей аламыз", - дейді ол.

Сондай-ақ, ол жапондардың сабырлығына, қазақ халқымен ұқсас тұстарына да тоқталды.

"Екіншіден, ол ел - тұрақты түрде дамып келе жатыр. Өсу көрсеткіші көзге тоқтап қалғандай көрінсе де ішіндегі қарапайымдылық әлі бар. Ол елде цунами, дағдарыс, жел сілкінісі болса да өзгермей тұр. Халқы сабырлы. Бізге сондай сабырлы, кішіпейіл, ұлттық құндылықты, елді сүйетін жандарды тәрбиелеу керек. Жапонияға жұмыспен жылына бір рет, саяхатпен екі рет барамын. Барған сайын басқа қырынан қараймын. Өте қызық. Бәрі керемет деп айтпаймын. Олардың да кемшілігі, жағымсыз тұстары бар. Бірақ жақсысын қазып алу керек. Жапонияда қоқысты өңдеп тастадың, пәтерді жалға берудің өзі бір бөлек. Бізге жаңа дүние ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемдегі ең жақсы деген заттарды көшірсек болды. Жапондар өздерін көшпелі халықпен қатты ұқсатады. Бізде бала туған кезде құйрығында көк таңбалы болып туады. Жапондардың ғылыми зертеуінше, бұл 3-4 елде ғана кездеседі екен. Өздерінің аузынан естігенім бойынша олар: қазақ, моңғол, жапон. Көктаңбалы елміз деп айтады. Сондықтан олар қазақтарды өздеріне өте жақын санайды", - дейді Сырымбек Тау.