"Экспорттау тоқтатылады": Көктемде картоп бағасы 750 теңгеге өсуі мүмкін

Қазақстанда кейінгі апталарда картоп құны күрт қымбаттаған. Қаңтар айының басында бірден 4,7 пайызға артты. Бағаның көтерілуіне климаттық факторлармен қатар, доллар бағамының өзгеруі де әсер етеді. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.

Kazchuvash Telegram арнасында жарияланған талдауға сәйкес, мұндай сценарий шындыққа жақын. Олар 2024 жылдың басынан бастап картоптың бағасы 450-500 теңгеге дейін өскенін атап өтуде. Бұл өсімнің басты себептерінің бірі ретінде Ла-Нинья құрылысының Орталық Азия мен көршілес елдер - Ауғанстан, Пәкістан және Иран климатына әсері көрсетілген.

Қазақстанда да жағдай күрделі. Солтүстік аймақтардағы егіс алқаптарының жалаңаш болуы, қардың жеткіліксіздігі, және соның салдарынан ылғалдың аз болуы - келер маусымда өнім көлемінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Kazchuvash болжамы бойынша, көктемде базардағы картоп бағасы 1,5 доллар, яғни шамамен 750 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл бағаның көтерілуі климаттық факторлармен қатар, доллар бағамының өзгеруіне де тәуелді.

Мысалы Түркия елінде 1 қаңтардан бастап орташа жалақы өсті, қазір ол 22 мың түрік лирасына тең, яғни 327 мың теңге. Былтыр орташа жалақы 250 мың теңгеден астам болған. Халық азық-түліктің өсетінін алдын ала біледі. Себебі Түркияда орташа жалақы өскен сайын, халық тұтынатын заттар мен тамақ та қымбаттайды. Жаңа жылдан бастап азық-түлік қымбаттаса да, салыстырмалы түрде Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы іріктелген картоптың 3 кг үшін бағасы - 750 теңге, қызанақтың бағасы - 370 теңге, қиярдың бағасы - 600 теңге. Бұл қыс мезгіліндегі бағалар, жаз айларында жеміс-жидектер мен көкөністер 10 теңгеден басталады.

Ал Ұлыбританияда азық-түлікке бағалар біздің бағалардан сәл ғана өзгеше, кей жерлерде тіпті арзан, дегенмен олардың орташа жалақысы айтарлықтай жоғары. Лондонда орташа жалақы - 1 миллион 900 мың теңге.

Картопты экспорттау тоқтатылады

Елімізде картоптың күрт қымбаттауына байланысты үкімет алты айға картопты экспорттауға тыйым салмақ. Бұл шара Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдеріне қатысы жоқ екенін де атап өтті.

Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді.

Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды.

Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жағдайға күшейтілген қадағалау жүргізеді және сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда олар нарыққа қатысушыларға шұғыл ықпал ету шараларын қабылдайды.

ҚР АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қорлар 2025 жылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. 19 қаңтардағы жағдай бойынша қорлар сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тоннадан асады (картоп өсірушілер қауымдастығы бойынша 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларындағы 68 мың тонна, жеке қосалқы және шағын шаруашылықтардағы жертөлелерде 200 мың тоннадан астам).