Көктөбе ауылындағы мектептің жабылуына жұрт қарсы шықты

«Мектеп жабылады» деген жайсыз хабар ата-аналардың төбесінен жай түсіргендей болды. Ауылдағы білім ошағы апатты жағдайда, оның үстіне бала саны аз деген желеумен шенділер осындай шолақ шешім шығарыпты.

Күләш Әлқожаева, Көктөбе аулының тұрғыны:

-Мектепті жабу керек дейді, мектептен талай бала өсті. Сыртан келген жауыздар бізді құртып жатқан.

Мұнда жалпы саны 69 оқушы тәлім алады. Енді олардың тең жарымы 4 шақырым жердегі көрші ауылдағы мектепке бармақ. 

-1966 жылы іргесі қаланған білім ошағының дәл осы бөлігі «апатты» деп танылған. «Балаларға алаңдадық» деген шенділер, мектептің есігіне қара құлып салуды ұйғарыпты. Егерде атқамінерлердің бұл ойы іске асып жатса, оқушылардың тентіреуі өз алдына, ондаған мұғалім жұмыссыз қалуы мүмкін.

Серікхан Қыдырбеков, мұғалім:

-Мен ата-анамның ошағында қалдым, ертеңгі күні мен қайда барамын. Қалай бұл ауылға, газ, су тартып жатыр. Ертең мектеп жабылса, мұғалімдер қайда барады. Далада қалады ғой.

Осылайша, 30 мұғалім мен 15 шаруашылық қызметкер жұмыссыздар қатарын толтыруы ықтимал. Алайда, білім бөлімінің басшылығы «бірде-бір маман далада қалмайды» деп сендіреді. Ал, мектептің жабылуына нысанның төтенше жағдайлар мен санитарлық талапқа сай келмеуі себеп болған.  Қорытындыға сай, « ғимарат апатты» деп танылыпты. Тіпті сот шешімі де бар.    


Гүлнар Тұрсынбекова, Талас ауданы білім бөлімінің басшысы:

-Соттың 2012 жылғы шешімі бар, экономикалық соттың. Алдымда тұр. Тажиева шығарған. Апатты жағдайдағы мектептепті жабу жөнінде. Мен осыны басшылыққа алып отырмын.Мектеп жабылмайды, олай қате түсінік болмауы керек. Бастауыш мектеп болып қалады.

Ал, 11 жылдық орта мектеп салу шенділердің ойында жоқ. Себебі шағын ауылда бала саны аз. Сондықтан 35 оқушының жаңа оқу жылынан бастап көрші ауылға қатынауына тура келеді.