«Құрылыс кезінде курорт орталығы мен ауылдары салынатын жерлерде денін Шренка шыршасы құрайтын орман алқабына айтарлықтай залал келтіріледі», - делінген ерекше қорғалатын аймақтарды құрылыс қажетіне ауыстырудың қаншалықты мақсатқа сай келетіні жөнінде ТЭН әзірлеп жатқан «Терра» компаниясының хабарламасында.
Хабарламаға сүйенсек, тау-шаңғы курортын салуға қажетті жердің аумағы 1 мың гектардан асады. Бұл Ұлттық бақтың жалпы аумағының 0,5 пайызын құрайды. Ал, құрылыс жүргізілетін жасыл-желекті учаскелердің көлемі 21,5 гектар.
Компания сарапшыларының есептеуінше, 21,5 гектар орманды алқапта 22 мың 644 ағаш өсіп тұр.
«Қазақстан заңдары бойынша, мәжбүрлі түрде кесілетін ағаштардың орнына 58 мың 907 ағаш отырғызылуы тиіс», ал, бюджетке келтірілген шығын есебінен 1 824 259 теңге төленеді, делінген хабарламада.
Ағаштар курортты көгалдандыру аймағына егіледі. Жоспар бойынша, оның жалпы аумағы 45,32 гектарды құрауы тиіс.
Сонымен қатар, «салу мен пайдалану барысында Көк-Жайлау курорты Іле-Алатау бағының экологиялық жүйесіне кері әсер етпейді» дейді сарапшылар.