«Колчактың алтын қоймасы» Қазақстаннан іздестіріліп жатыр


- Колчак алтынын біз Айыртау ауданы маңайынан іздейміз. Бұл атап айтқанда, тарихшылар мен бізге дейін аймақты ақтарған ізкесу­ші­лердің болжамына сәйкес нақтыла­нып отыр. Бұл бір жағынан Қазақ­станның туризмін дамыту, өлкетану тарихын тереңірек зерттеу мақ­сатында да ұйымдастырылып отыр, - дейді «Этноауыл» жоба­сының авторы кәсіпкер, өлкетанушы Роман Гостренко.

Тарихшының айтуына қарағанда, Айыртау селосының әрбір тұрғынының Колчактың осы өлкеде жасырынған алтын қоймасына қатысты өз пікірі бар. Бірақ осы уақытқа дейін бұл қазына табылған жоқ.

-Колчак армиясы қызыл әскер­лерден қашып келе жатып, 1919 жыл­дың қазан айына дейін Петропав­ловскіде аялдаған деген дерек бар. Айыртау маңындағы ен далаға Колчак қандай себеппен келді, ол жағы тіпті мәлімсіз. Бірақ одан тергеушілер жауап алған кезде адмирал өзінің Айыртау өлкесінде болғанын рас­таған. Кейбір деректерге қарағанда, Колчак қазы­насының жартысын Петропавловск маңына жасырып, қызылдарға қарсы шабуылды осы жерден бастамақ болған деген дерек бар, - дейді «Этноауыл» жобасының авторы Роман Гостренко.

Айыртау мен Лобанова селосы қарияларының сөзіне қарағанда, ауыл маңындағы кейбір қада қағылған жерлердің бірі Колчаковский деп те аталады. Сондықтан алтын қоймасын осы төңіректен іздеу керек шығар.

- Бұл орайда мен ауыл тұрғын­дарымен де, көнекөз қарттармен де әңгімелестім. Олардың айтуына қарағанда және бізге жеткен дерек­терге сенсек, Колчак армиясының сарбаздары ауыр жәшіктерді көтеріп алып келіп, бір жерлерге жасырған. Мүмкін жерді қазып, орман арасына тыққан шығар. Мүмкін біз алтын қой­масын таппайтын шығармыз. Бірақ жұмбақ, табиғаты таңғажайып жер­лерді аралап, тылсым дүниенің сырына қанығатынымыз анық, - дейді «Этноауыл» жобасының авторы.

Жақын уақыттарда өлкетанушы-тарихшы туристік бағыт-бағдардың қаржылық мәселесін шешу үшін астаналық инвесторлардың бірімен кездеспек.

Әрине, жоба авторының өлкетану тарихын зерделеу мақсатында жасап жатқан жобасы құптауға тұрарлық. Жалпы, Колчактың Солтүстік Қаз­ақ­стан аймағындағы жасырынған алтын қоймасы туралы әңгіме бір ғасырдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Кейбір болжамдарға қарағанда, 1919 жылы адмирал Колчактың ұйымдас­тыруымен 500 тонна алтын Омбы қаласынан шығысқа қарай жолға шыққан. Бірақ Колчак ұсталғаннан кейін эшалон чехословак корпусына берілген көрінеді. Алайда 1920 жылдың ақпан айында эшалон кеңес өкіметінің қарамағына берілген сәтте алтынның 200 тоннасы кем болып шыққан. Бос жәшіктердің орнына кірпіш пен тастар торлтырылғаны мәлім болған.

Жалпы, Колчактың алтын қой­масына қатысты әңгіме біраздан бері айтылып келеді. Әсіресе, «адмирал­дың алтындары Сібірде жатыр» деген деректен кейін ну орманды шарлап, Байкал маңайын іздеу жұмыстары да басталған. Бірақ байлыққа кенелген ешкім жоқ.

Колчак армиясында қызмет еткен атаман Анненковтың Қазақстан жерінде тығулы жатқан қазынасы туралы да толыққанды жазылды. Тіпті тау-тасты қашап «біз әлі ораламыз» деп жазып кеткендердің үміті зор болғанымен, олар барған жағынан қайтқан жоқ. Бірақ адмирал Колчак пен атаман Анненковтың тыққан орасан зор қазыналары туралы әңгімелер тиегі әлі басылмай тұр. Бірақ бұл байлық таулы Алтайда ма, жоқ әлде, Сібірдің ну ор­мандарында ма, Жоңғар Алатауының бөктерінде жатыр ма, ол жағы әлі беймәлім. Өс­кемендік жергілікті тарихшы Алек­сандр Харламовтың жазбаларында 1920 жылы атаман Анненков қара­мағындағы алты казакқа өз әскерінің архивін, киім-кешектері мен қару-жарақтары және алтын, күмістерін тау шатқалына тығу туралы бұйрық берген деген аңыз бар. Кемінде 60 ат сыятын тау үңгіріне қазынаны тығып, оның кіретін жағын минамен қопарып, тау жоталарын құлатып, бітеп кетті деген байлық бүгін бар ма? Табыла ма? Жоқ, мүмкін болмай тұр. Әйтсе де, әфсана әлі үміт күйінде бізге жетіп тұрғаны шындық.