Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі комитетке жаңа төраға тағайындалды

Үкімет басшысы қол қойған қаулыға сәйкес, бұған дейін үкімет басшысының кеңесшісі қызметін атқарып келген Берік Камалиев комитет төрағасы болып тағайындалды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өткен бейсенбіде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке жекелеген мемлекеттік мекемелердің жұмысынан ҚР Бас прокуратурасы әшкерелеген заң бұзушылық деректерінің мән-жайын бір аптада анықтауды тапсырған болатын. Бүгін таңертең үкіметте арнайы кеңес өтіп, онда ҚР көлік және коммуникация, сондай-ақ, энергетика және минералды ресурстар министрліктеріне жіберілген кемшіліктерді жоюға қажетті шараларды қысқа мерзімде алуға және оның орындалу қорытындысын үкімет басшысына баяндауға тапсырма берілді. Сонымен бірге кеңесте кейбір ауыс-түйістерге қатысты шешім қабылданды. Атап айтсақ, Сәкен Мұсайбеков ҚР көлік және коммуникация министрінің орынбасары лауазымынан, ал Ерік Сұлтанов көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы лауазымынан босатылды. Сонымен бірге энергетика және минералды ресурстар министрлігінің бірқатар жетекші қызметкерлеріне, нақтырақ айтсақ, бірінші вице-министр Бақтықожа Ізмұхамбетов пен осы министрліктің геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комитетінің төрағасы Болат Үжкеновке сөгіс жарияланды.