Көлік министрлерінің екінші кездесуінде Ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Министрлер транзиттік дәліздер, теміржол және автомобиль тасымалдары, сондай-ақ әуе көлігі салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Автомобиль және темір жолдарды салуға, халықаралық әуе қатынасы желісін кеңейтуге бағытталған өзара байланысты дамыту бойынша елдер жүргізіп жатқан саясат ерекше атап өтілді. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптардың ынтымақтастықты одан әрі нығайту ниетін бекітетін Астана коммюникесіне қол қойылды.

«Министрлер инвестициялар тарту, инфрақұрылымды дамыту және көлік-логистикалық орталықтардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру үшін қолайлы орта құру шеңберінде елдердің өзара іс-қимылына бағытталған Меморандумға қол қойды», — делінген хабарламада.

Бұл Меморандум — 2023 жылы Душанбе қаласында қол қойылған Орталық Азиядағы жер үсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы көпжақты келісімнің қисынды жалғасы.

Делегация Астана қаласындағы Электровоз құрастыру зауытына барды. Кәсіпорын отандық локомотив құрылысының өндірістік мүмкіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ қонақтар көлік министрлігі ұйымдастырған Жолшылар күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысты.