Көлік және коммуникация министрлігі автожолдар салу жөніндегі барлық келісім-шарттары бойынша негізгі материалдар мен жанар-жағармай бағасын түзету механизмін заңмен бекітуді ұсынады

"Министрлік отандық мердігерлердің банкрот болуының алдын алу үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалар бойынша негізгі материалдар мен жанар-жағармай бағасын түзету механизмін заңмен бекітуді ұсынады",- деді С. Ахметов.

Оның айтуынша, соңғы 7 жылдың ішінде жергілікті жүйені қосқанда, саланың дамуына барлығы 420 млрд. теңге бөлініп, 22 мың км жолда қайта салу және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осының нәтижесінде жолдардың жағдайы біраз жақсарған. 2008 жылдың басында жалпы қолданыстағы 93 мың км жолдың 52 мың км немесе 55 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Биылғы жылы республикалық бюджеттен автожолдардың дамуына 127,6 млрд. теңге көремінде қаржы бөлу көзделген. Алғашқы жарты жылдыққа қарастырылған қаржы толықтай игерілді. 2,7 мың км жолда әр түрлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Көліктік стратегияға сәйкес, ең алдымен халықаралық дәліздерге баса назар аударылды. Жылдың соңына дейін құрылыс және қайта салу нысандарының ішінен 812 км жолды пайдалануға беру жоспарлануда.

Шілде айында Астана қаласының Оңтүстік айналма жолын салу жобасы аяқталды, қазан айында Астана -Щучинск автожолының алты жолағында қозғалыс ашу көзделіп отыр. Жылдың аяғына дейін "Чунджа - Көлжат" (114 км) және "Доссор - Бейнеу" (333 км) учаскелерін, сонымен қатар, "Орал - Ақтөбе" жолының 183 км, "Астана - Қостанай - Челябинск" жолының 81 км, "Омбы - Павлодар - Майқапшағай" жолының 20 км, "Таскескен -Бақты" жолының 61 км қайта салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

"Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттерден автожолдар саласына бөлінген қаржының екі есе өскеніне қарамастан, кейбір облыстық әкімшіліктердің осы қаржыны игеруге немқұрайдылық танытып отыр", - деді министр өз сөзінде.

Биылғы жылдың ең басты жобасы - Астана-Щучинск үлкен жылдамдықты автомагистралінің құрылысы.

Автобан пайдалануға берілген соң, оны қысқы жағдайларда күтіп-ұстау мәселесі пайда болады. "Қазақавтожол" РМК өзінде бар жол техникасымен қысқы айларда бұл жолда кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуге қауқарсыз.

Сондықтан, министр үкімет резерві есебінен қажетті техниканы сатып алу (1,2 млрд. теңгеге 9 дана техника) туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасының Концессия мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының қабылдануының нәтижесінде, көліктік инфрақұрылымды дамытуға жекеменшік инвестицияны тарту ісіндегі кедергілер жойылды.

Сондай-ақ, министр өз баяндамасында соңғы нәтижеге бағытталған бюджеттік жоспарлаудың болашағына, жол қауіпсіздігінің жағдайы мен жол-көліктік оқиғалардың кесірінен адам өлімінің өсу проблемаларына тоқталды.

Сөзінің соңына қарай министр үкімет деңгейінде шешілуі тиіс бірқатар мәселелерге назар аударды. Отандық битумды өндіру, автожол жобаларын дизель жанар-жағар майымен қамтамасыз ету, Астана - Щучинск автожолында жол бойғы қызмет көрсету нысандарын орналастыру сияқты мәселелер өз шешімін күтуде.