Колхоз бастығымен көңілдес болдым: ОҚО-ға келін болып түскен әйел өз әрекетіне өкінетінін айтып жылады

Үйге қажетті заттар алып, базардан шығып келе жатқанымда Кәмила жолығып қалды. Онымен өткен-кеткенді еске алып тұрғанда орта бойлы, жүдеу әйел жанымызға жақын келді, деп жазады Замана.

– Сенде шаруам болып тұр, інім, – деді ол көздерін тіке менің жүзіме қадап. – Сен әлгі газетке жазып жүретін жігіт емессің бе? Маған 15 – 20 минут уақытыңды бөл, айналайын! Жүрші, сөйлесейікші бір. Ұнаса газетіңе жазарсың, ұнамаса өзің білесің. Саған айтып, бір ақтарылып қалайын.

Бұл адамнан сытылып, қашып кететін ешқандай да уәж таба алмадым. Жалынып тұрғасын әңгімесін тыңдауға келісіп, Кәмиламен асығыс қоштастым.

Бейтаныс әйел мені базардың шетіне қарай ертіп жүрді. Өзі ішіп алған сияқты, үстінен арзанқол арақтың иісі мүңкиді. Шетке шыққасын бір сәкіге жайғасып:

– Алдымен танысып алайық, інім. Менің атым Өжеткүл болады. 59-дамын. Жуалы жақтың қызымын, Түлкібастың келінімін. Күйеуім бұдан он жылдай бұрын қайтыс болып кеткен. Екі ұл, үш қызым күйеуімнің ауылында тұрады, – деді ол.

– Ал сіз қазір кіммен тұрып жатырсыз? – деген сұрақ аузымнан шығып кетті.

– Мен соңғы 20 жылдан бері негізінен мынамен бірге тұрып келемін, – деген Өжеткүл апай сәкінің астында домалап жатқан арақтан босаған бөтелкені көрсетті. – Қысқасы, інім, мен саған басымнан өткен жағдайларды айтқалы отырмын. Керек жерін газетіңе жаза бер. Тек аты-жөнімді өзгертуді ұмытпасаң болғаны. Турасын айтқанда, мен күйеуімді ажалынан бұрын өлтірген кесапат адаммын, біткен жанмын. Мені ешкім де сыйламайды. Сыртым бүтін, ішім түтін болып жүрген бейшарамын әшейін.

Осылай деген апай булыға жылап жіберді. Қапелімде не дерімді білмей, үнсіз отырып қалдым.

– Мен ертелеу тұрмысқа шыққанмын, – деп жалғады әңгімесін Өжеткүл апай. – Сегізінші сыныптан соң оқымай, колхозда сауыншы болғанмын. Мені көрші ауданда шофер болып істейтін Орақ деген жігіт алып қашты. Ол кезде мен 18-демін, ол 22-де болатын. Үш ағамнан кейінгі жалғыз қыз болғандықтан ба, мен тым ерке боп өскен едім. Жалғыз шешесі бар Орақтың үйіне келін болып түскенде: «Мен мұны сүймеймін!» – деп қиғылықты салдым. Үш ағам Орақты өлтіреміз деп ит өлімші ғып тепкілеп тастағанда ағайындары жабыла жүріп әрең ажыратып алғаны әлі есімде. Кейін бәрі тынышталып, келісімге келді ғой. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Ылғи да «сүмелек, оңбаған» деп Орақты мұқатып отыратын болдым.

Жылдар өте арада екі бала дүние­ге келсе де жұлқынудан танбадым. Күйеуімнің шешесі өлгеннен соң бұл әдетті одан әрі үдете түстім. Ағайындар бас қосқан жерге Орақ бара алмайтын дәрежеге жетті. Жұрт мені «Орақтың байы» деп атайтын болды. Уақыт осылайша өтіп жатты. Мен сауын фермасына жұмысқа кірдім. Орақ қырдағы механизаторларға жанар-жағармай тасиды. Сауыншы бола жүріп, колхоздың бастығымен ауыз жаластым. Жұмыстан соң бастық машинасын қаңтарып, мені күтіп тұрады. Екеуіміз қолтықтаса мініп, «Қараүңгір» қыстауына қарай тартамыз. Түнімен білгенімізді істейміз. Азанда сүйіктім түк болмағандай жұмысқа әкеліп тастайды. Оның арқасында талай сый-құрметке ие болып, ауданға депутат та болып сайландым. Үстіме жарқырата жаңа киім киіп, қолыма алтын сақина, құлағыма алтын сырға тағып, тайраңдап жүріп жаттым. Біздің мұнымызды ауылда бәрі білді. Күйеуім ішіп келіп, қыр көрсеткен болып еді. «Білгеніңді істе, қолыңнан келгенін аяма! Жүдә қорықпадым», – деп тұрып алдым. Ол байғұс түк те істей алмады. Бар тапқаны – өшін арақтан алып жүрді.

Бірақ бастық екеуіміздің махаббатымыз ұзақ бола қойған жоқ. Бір күні оның әйелі келіп, тура шашымнан сүйреп, тепкінің астына алды. Одан арғысы есімде жоқ. Содан бір аптаға дейін жүре алмай қалдым. Міне, осыдан кейін қайтып көңілдесіме жолауға бата алмадым.


Келесі жылы көктемде біздің ауылға Кавказдан бір топ жалдамалы кісілер келді. Солардың ішіндегі Давид дегені қырындап жүріп ақыры дегеніне көндірді.

Бір күні түнге қарай Давид екеуіміз ферманың «дежуркасында» жатқанымызда күйеуім үстімізден түсіп, жанжал шықты. Ол Давидтен оңбай таяқ жеді.

Содан бастап Орақ өзгеше бір күйге түсті. Өзінен-өзі сөйлеп, кейде қатты сақылдап күлетін болды. Тамақ бермесең өздігінен ішпей, қаңғып кететінді шығарды.

Бір күні бәріміз таңғы шай ішіп отырғанбыз. Ортаншы қызым үйге жүгіріп келді. «Көкем мал қорада құлап жатыр!» – деді ентігіп. Бәріміз жүгіріп шықтық. Қой қорадан Орақты үйге көтеріп әкеліп, төсекке жатқыздық. Басын көтеріп адамға қарағанымен тілге келе алмады. Көздері жәудіреп, ұл-қыздарына кезек-кезек қарап жатты. Сосын менің жүзіме көз тастады. Кішкене қара көздерінің аясында мөл­діреген бір тамшы төгіліп кетпей тұнып тұрды. Бетім күйіп одан әрі қарай алмадым.

Осылайша бәрімізді күңірентіп күйеуім байғұс жүріп кетті. Жұрттың көпшілігі бұл оқиғаға мені кінәлап жатқанын сездім. Содан кейін мен мүлде ішкіліктің соңына түсіп кеттім. Кім арақ, темекі әпереді – соның айтқанын орындаймын.

Күз күндерінің бірінде өзім секілді бір келіншекпен арақ ішіп, қайтып келе жатқанымда әскер қатарына шақырылған оншақты бозбала қалағанымша арақ құйып беріп, соңынан кезек-кезек білгендерін істепті. Осыны естіген ұл-қыздарым үйден қуып шықты. Содан байынан ажырап сор маңдай болып жүрген сіңлімнің қолында тұрып жатырмын бүгінде.

Осындайда Орақты еске алғанда сай-сүйегім сырқырап кетеді. Байғұс­қа бір жылы қабақ танытпай, бел­омыртқасына түскен жұлынқұрттай жалмағаныма өзімді кінәлі санаймын. Қайтем енді, мың жерден жылап, жүз жерден кешірім сұрасаң да бәрі кеш емес пе? Бүгінде сырымды бөлісіп, ой тарқатар ешкімім де қалмады. Бәрі мені көрсе сырт айналады. Өмірден түңіліп, не істерімді білмегесін күйік-дертімді ішкілікпен басып жүрмін. Сіңлім де қол көтеріп, ұратын болды. Қайтейін, шіріген бір жұмыртқа болдым ғой. Тірі өлікпін бүгінде, мен өлген адаммын…»

Осылай деген Өжеткүл апай еңіреп жылап отырды. Мен не дейін, оның жанында отыра беруге ыңғайсызданып, қоштаспастан сытылып шы­ға бердім.

Одан бері де біраз уақыт өтіпті. Бүгін осы жай есіме түсіп, бұл жөнінде мақала жазайын деп шештім. Біреулерге ой салар деген ниет ғой. Кім де болса мына өмірде адаспасын, обал-сауапты, бардың қадірін біліп жүрсе екен деймін.