Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерде 6 бағыт және 16 пән бойынша жаңа үлгілік оқу бағдарламалары енгізіледі. Олардың қатарында педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, техникалық-технологиялық, көркемдік-технологиялық, аграрлық-технологиялық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бар.
Жаңа үлгілік оқу бағдарламаларында жұмыс беруші талаптары мен өңір ерекшеліктері ескеріледі және сағат саны мен тақырыптардың мазмұнын 25% дейін өзгерту көзделген.
«Жалпы білім беретін пәндердің оқу бағдарламаларында білім алушылардың ынтасын, қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін бейіндік бағыт ескеріледі. Ол мамандыққа қатысты кәсіби-танымдық қызығушылықтың дамуына ықпал етеді. Мысалы, «көлем» тақырыбын алатын болсақ, оны зерттеу кезінде арнайы пән мұғаліміне сабақты қозғалтқышы бар шеберханада өткізуге болады. Педагог оның қалай жұмыс істейтінін сол жерде көрсетеді, одан кейін студенттермен бірге қозғалтқыш, жану камерасы секілді басқа да элементтердің сызбасын қарастырады. Маман үшін білім берудің бұл әдісі өте маңызды, ал оларды математиканы үйрену арқылы алуға болады», - дейді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісов.
Айта кетейік, колледжге түсетіндердің 80% 9-сынып түлектері. Олар бірінші жылы жалпы білім беретін пәндерді оқиды. Бұрын колледждер жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларына негізделсе, енді пәндер студенттер таңдаған мамандыққа бағдарланған практикалық сабақта оқытылады.