Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Анна Данченко Instagram stories-те Баян Мақсатқызының өміріндегі ауыр кезеңде көрсеткен қолдауы туралы жазды.
«Баян Мақсатқызы, сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірінде маған көрсеткен жанашырлығыңыз, кең әрі мейірімді жүрегіңіз, көңіл бөліп, жылуыңызды аямағаныңыз үшін рақмет. Екеумізге ұзақ уақыт бойы тығыз жұмыс істеудің сәті түспесе де, мен сіздің адами қасиеттеріңізді әрдайым бағалайтынмын. Ал қазір сол қасиеттеріңізді көріп қана қоймай, ерекше сезіндім. Бұл туралы айтқанымды қаламауыңыз мүмкін екенін білемін. Бірақ сізге алғысымды білдірмей тұра алмаймын", - деп жазды ол.
Ол Баян Мақсатқызы жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қомақты қаржылай көмек көрсеткенін атап өтті.
"Жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаншама қаражат қажет екенін түсініп, маған осындай қомақты сома жібердіңіз… Оны көрген кезде одан сайын жылап жібердім. Ақша үшін емес, мұндай қамқорлық пен қолдауды мүлде күтпегендіктен көзіме жас келді. Мен ешқашан біреуден көмек күтуді немесе сұрауды әдетке айналдырған емеспін. Ата-анам бала кезімнен өзіме сенуге, қиындықтарды өз бетімше жеңуге үйретті. Сондықтан сіздің бұл әрекетіңіз маған қатты әсер етті. Жаның қатты ауырғанда, адамның жылуын ерекше сезінеді екен. Кейде бір ғана әрекет адамның жүрегі туралы мыңдаған сөзден артық айтады», – деп жазды Анна Данченко.
Сондай-ақ ол ата-анасынан айырылған ауыр кезеңде жанынан табылған адамдардың қадірін ерекше түсінгенін айтты.
«Қазір ата-анамсыз қалған кезде, жанында үлкен жүректі — мейірімді, ашық, дана, өзгенің қайғысын сезіне алатын және қиын сәтте ештеңе күтпестен қасынан табылатын адамдардың болуы қаншалықты қымбат екенін бұрынғыдан да жақсы түсініп жүрмін. Сізге шексіз ризамын, Баян Мақсатқызы. Неге екенін білмеймін, бірақ ата-анам да осындай ауыр сәтте олардың қызына жасаған жақсылығыңыз бен көрсеткен қамқорлығыңыз үшін сізге риза деп сенгім келеді. Бұл жақсылығыңыз өзіңізге және отбасыңызға міндетті түрде еселеп қайтсын. Жақындарыңыз аман болып, шаңырағыңыздан жылу мен береке кетпесін. Сізге рақмет. Шын жүректен. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын», – деді ол.