Комбоджада ес-түссіз жатқан отандасымыз бүгін елге жеткізіледі


Комада жатқан туристі елге жеткізу үшін арнайы Boeing-757 ұшағы жіберілген. Әуе кемесінің ішінде 9 жолаушылар орны алдын-ала бұзылып, ол жерге науқастың төсегі орнатылыпты. Сондай-ақ қолдан тыныс алдыру аппаратына да орын дайындалған. Ұшақ ішінде науқастың жағдайын 2 мейірбике мен бір дәрігер қадағалап отырмақ. Бангкоктан Алматыға дейінгі аралықтың ұшу мерзімі 7 сағат шамасында. Ал Камбоджадан Таиланд астанасына дейін Лариса Шамованы ұлы Алексей өз күшімен жеткізбек. Естеріңізге салсақ, 48 жастағы Лариса Шамова осыдан тура үш апта бұрын Анкор-Ват ғибадатханасын көремін деп, 7 метрлік баспалдақтан құлап кеткен. Осы уақытқа дейін науқасты емдеу үшін Камбоджадағы ауруханаға жақындары 11 жарым млн. теңге төлеген. Енді оның өмірі үшін еліміздің дәрігерлері күреспек.