Басты кейіпкерлер Наташа мен Роман үйлену тойларын Қара теңіздің жағасында өткізуді армандайды. Бірақ қалыңдықтың өгей әкесі тойды қымбат мейрамханада, өңшең игі-жақсының арасында атап өтуді жоспарлап қойған. Ақыры үлкендер дегеніне жетіп, жас-жұбайлардың некесі қиылады.
Басында үйлену тойын қарапайым бейнетаспаға түсіргендей әсер қалдыратын картина шытырманға толады. Той иесі бастықтарға барын шашып, бедел жинуды көздейді. Тіпті танымал асабаны шақырған. Оның рөлін, дәлірек айтқанда өмірдегі өзін - белгілі шоумен Сергей Светлаков сомдайды. Ойын-күлкі мен ішімдіктің өлшемі жоқ.
Бірақ ата-ананың айтқан сөзін жерге тастамағанымен, екі жас тағы бір той жасауды ойлап жүреді. Сөйтіп, Роман мен Наташа туыстарына тосынсый жасайды. Картинада бүгінгі үйлену тойында жасалатын рәсімдер көбіне ас та төк шығынды талап етіні айқын көрінеді. Көрермен комедияның қызығына күліп қана қоймай, мақтаншақтық пен бәсекелестіктің соңы неге әкеліп соғатынына куә болады. Режиссердің көпшілікке жеткізбек болғаны да осы ой екен.
Ернар Бекенов, киносыншы:
- Бұл фильм халықтың арасында тойдың кезінде түсірілетін таспа секілді, сондай стильде түсірілген. Жанры – жастарға арналған комедия. Көптен күткен премьералардың бірі – «Горько!» фильміне келіңіздер, көріңіздер, өте қызық болады, өкінбейсіздер.
Комедия жанрындағы туындыны таратушы «Меломан» компаниясы екенін айта кетейік. Қызыққа толы фильм ертеңнен бастап отандық кинотеатрларда көрсетілмек.