Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Телеграмдағы "Калькасыз қазақ тілі" арнасының авторы, лингвист, аудармашы Назгүл Қожабек қазақ қоғамындағы тілге қатысты ескі стереотиптер тілді құртып жатқанын мәлімдеді.
"Қазақ тілін құртып жатқан қазақтар. Соның ішінде ауылдан келген қазақтар. Біз таза қазақ тілі ауылда деп ойлаймыз ғой. Бірақ, сол шыныменде ауылдан келген қазақтар қалаға бейімделемін деп тілін бүлдіреді. Оның үстіне, ауылда сауат деңгейі қиындау. Бұл - орысша білмесең, адам болмайсың, орысша білмегеннің күні қараң деген баяғы сіңіріп тастаған стереотиптің кесірі. Осы стереотиптердің кесірінен жас күнінде орысша білмеген адамның немересі қазақша білмейді. Себебі ол орысша білмегеннің күні қараң деп алдымен баласын орысша үйретті. Өз баласын орыс мектепке беріп, баласы қазақша білмей шықты. Мысалы, өткенде Әлия Әшім "Орыстандыру саясаты" деген деректі фильм шығарды. Сол жерде Сәбит Мұқановтың қызы мен әкемнің бірде-бір шығармасын қазақша оқыған жоқпын. Өйткені, оқи алмаймын деуі - жүрегімді ауыртты. Баяғыда бес жазушыға қоңырау соқ, соның біреуінің болса да баласы телефонға қазақша жауап берсе, маған кел деген әңгіме бар еді. Бізді сол күйге жеткізген саясат, стереотип қазір ауылдағы қазақтарды да қалаға барсаң, орысша білмесең, күнің қараң дегенге келтіріп отыр. Орысша білмесең, Алматыда нан сұрап жей алмайсың деген стереотип әлі келе жатыр", - деді ол Жанар Байсемізге берген сұхбатында.
Тіл маманы сұхбат барысында көмектес септікті орынсыз қолданатын жағдайларға да тоқталды.
"Көмектес септіктің көрмеген қиянаты жоқ. Байғұсты илеп, ж*леп қылып жібердік. 2-3 қызметі бар нәрсені апарып бәріне жалғап тастадық. Неге? Өйткені, орыс тілінде творительный, предложный, с деген нәрселерінің бәрін көмектес септік еттік. Мысалы, сүтпен шәй емес, сүтті шәй болады. Өзіңмен кофе деген де дұрыс емес. Тауықпен көже, компьютермен қолдану деген де қате сөздер бар. Қаншама септіктің қызметін көмектес септікке жамап тастадық. Бұны бізге ешбір орыс немесе басқа ұлт әкеліп берген жоқ. Өзіміз істеп отырмыз. Бұған өзін аудармашы санайтындар кінәлі", - дейді ол.