Көмір-химия саласының әлеуеті 25 млрд долларға жетуі мүмкін

Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстан көмір өнеркәсібінің VII форумында мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, көмірді терең өңдеу арқылы алынатын өнімдердің құны бастапқы шикізат бағасынан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.

Вице-министр көмір-химия саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірі синтез-газ өндірісі екенін атап өтті. Ол аммиак, карбамид, метанол, олефиндер, синтетикалық отын, кокс-химия өнімдері және заманауи химиялық материалдар өндіруге негіз болады.

— Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы көмір-химия саласының даму әлеуеті 25 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін, — деді Санжар Жаркешов.