Жер реформасы жөніндегі комиссия осы уақытқа дейін 8 отырыс өткізіп, еліміздің 4 облысына барып қайтты. Жергілікті шаруа қожалықтарымен, ауыл, аудан, облыс белсенділері кездесіп, пікір алмасты, деп жазады Bnews.kz.
Комиссияның әр отырысында өткір пікірлер мен қатты сындар айтылды. Осы қызу пікірталастың нәтижесінде бүгінгі таңда, негізгі 4 мәселе бойынша Комиссия мүшелері бір ұйғарымға келді. Бұларды алдын ала шешім ретінде демалыстан кейін Парламенттің қарауына ұсына беруге болады, деп есептейді комиссия мүшелері. Сонымен, ол қандай 4 шешім?
Ең біріншісі - жерді шаруаларға 49 жылға дейін жалға беру мәселесі. Халық ішінде түсініспеушілік тудырған Жер кодексінің кейбір нормаларына Елбасы мораторий жариялағаннан кейін, жерге қатысты жүргізілетін барлық процесстер тоқтаған болатын. Оның ішінде жерді өз азаматтарымызға жалға беру де бар еді.
«Қазіргі уақытта, Комиссия мүшелері бірқатар талқылаулардан кейін, Қазақстан азаматтарына жерді 49 жылға дейін жалға беруге болады деген алдын-ала шешімге келді. Сөйтіп, бұл нақты ұсыныс ретінде Парламентке енгізілгелі отыр. Екінші мәселе – әсіресе, ауыл адамдары үшін аса маңызды. Ауылдардың, елді мекендердің аумағындағы жайылымдық жерлер бұған дейін, жеке меншіктің қолына өтіп кеткен деректер бар. Соның кесірінен, көптеген ауыл тұрғындары қорасындағы оншақты ұсақ малы мен бір-екі ірі қарасын жаятын жер таппай қалды. Бұл мәселеге келгенде де, Комиссия мүшелері көп айтысып, тартысқан жоқ. Бір ауыздан деуге болады, «ауыл және елді мекендердің аумағындағы жерлер жалға да берілмесін және сатылмасын, мемлекеттің меншігінде қалсын» деген шешім қабылданды», - дейді Комиссиядағы құқықтық жұмыс тобының жетекшісі М.Тайжан.
Үшінші шешім – шекаралық аймақтағы жерлерді жалға да бермеу және сатпау. Бұл мәселеге келгенде де, жалпы Комиссия мүшелері жалға берілмесін, сатылмасын дегенге келіскенімен, оның радиусына қатысты нақты шешімге келген жоқ. Дегенмен, негізгі мәселе – шекаралық аймақтан жер берілмейді деген шешімнің қабылданғанында.
Төртінші шешім – жалға берілетін жердің көлеміне шектеу қою. Яғни, ақшасының көптігіне қарамастан, бір тұлғаның жалға алатын аумағы белгілі бір шектеуден аспауы тиіс. Бұл ұсыныстың авторы белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: «Бұл латифундистерді ауыздықтап, әділдік орнату үшін, өте принципті шешім» деп есептейді. Өйткені, қазір кейбір ірі шаруашылықтардың иелігінде он мыңдаған гектар болса, бірқатары оншақты гектар жердің өзіне қол жеткізе алмай жүр.
Сөйтіп, бүгінгі таңда Жер реформасы жөніндегі комиссия үш айда 8 отырыс өткізді. 4 аймақты аралап, негізгі деген 4 мәселеге қатысты алдын ала шешімге келді. Әрине, бұл 4 мәселенің әлі де болса, пысықталатын, толықтыратын тұстары бар.
Жалпы жерді жалға беру немесе сату деген мәселенің өзі осы жерді тоздырып алмау, құнарлылығын арттырудан шыққан болатын. Одан кейінгі мәселе сол жердің құнарлылығына байланысты салынатын салық мөлшерін есептеу еді. Бұл мәселеге келгенде, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, ғалым Ақылбек Күрішбаев:
«Бізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтаудың әдістемесі 2003 жылы бекітілген. 13 жылдың ішінде қаншама экономикалық өзгерістер болды. Дамыған мемлекеттерде әр 3,5 жылда жердің бағасы жаңартылып отырады. Ал бізде, өткен 13 жыл ішінде бұл мәселе қарастырылмаған. Осыған байланысты, жердің нақты салықтық бағасына қатысты көптеген сұрақтар туындауда. Мәселен, елімізде кейбір құнарсыз жерлердің салық мөлшері, құнарлы жерлердің салық бағасынан қымбат. Ал кейбір аймақтарда, жайылым жерлердің салығы егістік жерлерден жоғары», - дейді. Осы секілді тағы бірқатар мәселелер алдағы уақытта Комиссия мүшелерінің қызу талқысына түспек.
Ал енді жердің шетелдіктерге сатылмайтыны басы ашық әңгіме. Ендігі мәселе, жерді шетелдіктерге жалға беру керек пе, жоқ па? Дәл сол сияқты жерді қазақстандықтарға сату керек пе, жоқ па?, - деген әңгіме де қызу талқыланып жатыр. Комиссия мүшесі А.Сарым «бұл мәселені ұзақ мерзімге, мейлі 10-15 жылға дейін болса да, мораториймен жауып қою керек» деп есептейді. Келешек ұрпақ қажет болса, талқылап шешіп жатар, болмаса, өзектілігі де жойылып кетуі мүмкін.
Комиссияның мамыр айынан бері өтіп жатқан әр отырысы 6-7 сағаттан кем болған жоқ. Әр отырыс сайын кемінде 60-қа жуық адам сөз алып, өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтып жатты. Аймақтарда аудандар тікелей селекторлық байланысқа шығып, жерді жалға беру-бермеу, сату-сатпау мәселесіне қатысты өз ұстанымдарын білдірді.
Комиссияның отырысынан тыс, алғашқы күннен бастап жұмыс істей бастаған Call-орталығына (телефоны -1434) шілденің ортасына дейін 12 458 қоңырау шалыныпты. Тұрғындардың 9583-і, яғни 77% жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер сұраған. Қалғаны нақты, жерді қазақстандықтарға немесе шетелдіктерге сату-сатпау мәселесіне қатысты пікір білдірген. Оның сыртында Jerturaly.kz сайтына 1000 жуық сұрақ түсіпті. Ауыл шаруашылығы министрілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірде бір сұрақ жауапсыз қалмайды. Жалпы облыстардағы әкімдіктер жанынан құрылған Қоғамдық кеңестер облыстық, аудандық деңгейде халықпен 1 200-ден астам кездесулер өткізіп, онда жалпы 70 мыңнан астам адам қамтылған.
Комиссияның алғашқы отырысы мен соңғыларының арасы жер мен көктей. Неге? Өйткені, алғашқы отырысқа әркім өз амбициясымен «халықтың атынан келдім», «мен нақты жермен айналысатын шаруамын, бұған қатысты менің ғана сөйлеуге құқым бар», «билік не істесе де бұрыс», «шеруге шықпай мәселе шешілмейді» деген пікірмен келген болатын. Комиссияның бірнеше отырысынан кейін, пікірлер іріктеліп, бұлқынып келгендердің «буы» шығып, қарқыны басылды. Ортаға тасталған әртүрлі пікірлер іріктеліп, сарапталып жатты.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Кәрім Мәсімовты қабылдап, Комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін ұсынуды тапсырған болатын. Қазір, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы уақытқа дейінгі жұмыстардың алғашқы қорытындыларын әзірлеп жатыр.
Ал Комиссия мүшесі А.Сарым, Комиссияның барлық құрамын әр аймаққа шапқылата бермей, нақты 7-8 адамды Заңдағы өзгертілуі тиіс нормалармен жұмыс істеу үшін орталыққа қалдырып, өзге мүшелері бүкіл өңірлерге бөлініп аралап кетуі керек деп есептейді. Сөйтіп, аймақтардағы пікірлерді жинап, орталыққа жеткізбек. Бұл уақытты да, қаражатты да үнемдеуге мүмкіндік береді әрі жұмыстың тиімділігін арттырады. Бұл да әзірге ұсыныс. Жалпы Елбасы мораторийді жыл соңына дейін деп жариялады. Сынаптай сырғыған уақыт, жазды да тауысып барады. Комиссияның алдында әлі қыруар шаруа тұр.