Петропавлдағы жылыту құбырларының 80 пайызының тозығы жеткен. Монополистер жылына оның шамамен 10 пайызын ғана ауыстыруға қауқарлы екен. Ал шаһардағы пәтер иелері коопертиві жоқ үйлердегі жағдай атқамінерлердің жыл сайынғы бас ауруына айналған.
Ескі құбырлардың жиі жарылатынынан мезі болған коммуналшылар ондағы қысымды азайтудан басқа амал таппай отыр. Бұл өз ретінде құбыр бойымен жүретін ыстық судың тез суып, пәтерлердің қыста қоңыр салқын тартып тұруына себепкер.
Ал Екібастұз қаласының энергетиктері берешегі көп тұрғындардың шойын батареяларын кесіп жатыр. Бірнеше ескерту алғанына қарамастан олар жылу ақысын төлеуге асығар емес. Ал жалпы қарыз көлемі 1 млрд теңгеге жеткен.
Дәулет Қамытбеков, сот шешімін орындаушы:
- Тәркіленген шойын жылыту батареялары қарыз есебіне жазылатын болады. Бұл шара барлық борышкерлерге қатысты.
Ал мына кадрлар Семейде осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған апат кезінде түсірілген. Қыстың сүйектен өтер суығында жүздеген пәтер ішін қырау басып, тіпті, үйдегі су қатып қалған. Он күнге созылған арпалыс сол жолы қала әкімінің ауысуымен тынды. Қазірдің өзінде Семейдегі құбырлардың жартысының тозығы жеткен. Алайда бұған қарамастан мамандар алдағы қыстан аман шығамыз деп сендіреді.
Асхат Бұқатов, "Жылукоммунэнерго" мекемесі техникалық директорының орынбасары:
- Жылу маусымына толықтай дайын боламыз деп сеніммен айтуға болады. Уақытылы бастаймыз жылу маусымын. Ауа райы қолайсыз бола қалса, ертерек бастауға дайынбыз"
Қазір еліміздің көптеген аймақтарында қысқа дайындық жұмыстары жоспарланған кестеден кешеуілдеп тұр. Көмір қоры да былтырғыдан 18 пайызға аз дайындалыпты. Әсіресе, Степногорск, Екібастұз бен Өскеменде көмір мен мазут қоры мамандардың алаңдаушылығын туғызуда.