Блок жетекшілері партиялардың бақылаушылары әшкерелеген, сайлау барысында сайлау комиссияларының мүшелері жіберген көптеген заң бұзушылықтар туралы тағы да мәлімдеді. Блоктың тең төрағасы, Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин сондай-ақ қазақстандық және халықаралық бақылаушылардың қорытындысына сілтеме жасады. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының сайлауға бақылау жасау жөніндегі миссиясы Қазақстандағы мәжіліс сайлауы осынау халықаралық ұйымның стандарттарына сай келмейді деп тапқанын еске салды.
Блок өкілдері сонымен бірге саяси бірлестік партиялық тізім бойынша парламентке өтуге қажетті межеден өтті дегенге сенім білдірді.
Коммунистер мен ҚДТ партиясы өзінің арнаулы мәлімдемесінде "қазіргі билік сайлауды әділ өткізуге құлықсыз әрі қабілетсіз екенін көрсетуге байланысты" блок атынан "ҚР Жоғарғы сотына заң бұзушылыққа қатысты бүкіл деректерді қарауды" ұсынды. Олар "сайлауды әділетсіз өткізуге кінәлі адамдарды президент әкімшілігінің жетекшісінен бастап, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы мен облыс, қала және аудан әкімдеріне дейін жаппай азаматтардың конституциялық құқықтарын аяққа таптағаны үшін және өз міндеттеріне қылмыстық салғырттықпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды" ұсынды. Блок "7 проценттік межеден өткен барлық партиялардан сайлау науқанына қоғамдық қаржылық аудит жүргізіп, қорытындысын баспасөз беттерінде жариялауды" талап етті.
Сондай-ақ, блок саяси партиялар, үкіметтік емес бейресми ұйымдар, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, құқық қорғаушылар мен сарапшыларды "халықтың шынайы таңдауын көрсете алмаған, өз еркін ашық білдіру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік жасай алмаған өткен сайлауға заңгерлік және қоғамдық әділ баға беру үшін азаматтық тыңдауларға дайындық және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетіне енуге" шақырды.