Конкурстың басты идеясы - музыка өнері саласындағы дарынды балаларды анықтау, жас орындаушылардың шеберлігін шыңдау, сондай-ақ әлемдік және отандық мәдениеттің үздік шығармаларын кеңінен насихаттау. Осыған орай, биылғы конкурсқа қатысу үшін Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның түпкі-түпкірінен келген 10-16 жас аралығындағы оқушылар келді. Олар баян-аккордеон, халық аспаптары және шекті-шертпелі аспаптар аталымдары бойынша өзара сынға түспек. Ал конкурста жеңімпаз атанған жастар музыка мамандығы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарына құжат тапсырғанда, білім беру гранттарын бірінші болып алатын болады.
Айта кетейік, жас орындаушылардың «Астана-Мерей» атты IX Халықаралық конкурсын ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе ұйымдастырып отыр. Конкурстың қорытындысы 13 желтоқсан күні шығарылады.