"Конституциялық кеңес "Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы" және "Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу" жөніндегі заңдар Конституцияға сәйкеспейді деген қаулы қабылдады",- деді кеңес төрағасы Игорь Рогов. "Заңдарға қол қоюға және оны күшіне енгізуге болмайды",- деді ол.
Конституциялық кеңестің қаулысы қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және ол Қазақстан аумағында жаппай міндетті түрде орындалуға тиіс. Кеңес шешіміне қарсы шағымдану мүмкін емес.
Бұған дейін де хабарлағанымыздай, президенттің қол қоюына жолданған аталмыш заңдардың ҚР Ата заңына сәйкестігін қарауды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестен сұраған болатын. Шетелдік және халықаралық бейресми коммерциялық ұйымдардың Қазақстан аумағындағы іс-қызметіне мемлекет тарапынан қойылатын бақылауды күшейту қарастырылған бұл құжаттарды қабылдауға бейресми ұйымдар қарсылық білдіруде.