Конституциялық кеңес Қазақстандағы аралық соттардың қызметіне қатысты қаулының күшін жойды

"2002 жылдың 15-ақпанындағы №1 қаулы және оған қосымша 2002 жылдың 12-сәуіріндегі №1/2 қаулы қайта қаралып, күші жойылды", - деп хабарлады Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов.

Оның айтуынша, мұндай қажеттілік ел Конституциясына өзгертулер енгізілуіне байланысты туындаған. "Конституциялық кеңес өзінің бұрынғы қабылдаған қаулыларын Конституцияның жаңа мәтініне сәйкестендіру бойынша жұмыстарды жалғастыру үстінде", - деп атап көрсетті ол.

Бейсенбі күні күші жойылған қаулыға сәйкес, аралық сотқа шағымдану соттық қорғаныс болып есептелмеген, дау-дамайларды аралық сотта қарау мемлекеттік сотпен ғана іске асырылатын сот төрелігі аясына кірмеген.