Конституциялық кеңестің бірқатар қаулылары мен нұсқаулары орындалмай отыр – Конституциялық кеңес төрағасы

“Конституциялық кеңестің жыл сайынғы жолдауында айтылатын нұсқаулары мен нормативтік қаулыларының ережелері жаппай орындалып отыр дей алмаймын”,- деп мәлімдеді бүгін ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов парламент палаталарының бірлескен отырысында “Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылық ахуалы туралы” баяндама жасау барысында.

Атап айтсақ, И.Роговтың айтуынша, “қылмыстардан зардап шеккендердің мүліктік құқығын қорғау мәселелері толық шешілмеген, адвокаттардың кедей азаматтарға және ауылдық жерлерде тұратындарға кәсіби заңгерлік көмек көрсету мақсатындағы құқық қорғау функциялары тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған”.

“Мас күйінде ұсталған адамдарды медициналық айықтырғаштарда, кәмелеттік жасқа жетпегендерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және сауықтыру орталықтарында, сондай-ақ, қабылдап таратқыштарда ұстау негіздері мен тәртіптері, маскүнемдік, нашақорлық пен токсикоманиядан мәжбүрлі емдеуге ұшыраған адамдарды осындай мекемелерде ұстау негіздері мен тәртіптері күні бүгінге дейін заңдастырылмаған”, деді кеңес төрағасы. “Аталған санаттағы азаматтарға қатысты тиісті мекемелер мен органдардың іс-қызметі Конституция талап еткендей заңмен емес, заңға бағынышты нормативтік-құқықтық, соның ішінде тіпті мекеме аясындағы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі”,- деді И.Рогов.

Сонымен бірге бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің қазақ және орыс тілінде дайындалған мәтіндеріндегі сәйкессіздіктер де күні бүгінге дейін арылмаған. Атап айтсақ, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық –процессуалдық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодексте мәтін айырмашылықтары әлі кездеседі.

“Байқоңыр кешенін жалға алу жөніндегі келісім-құқықтық базаны, сондай-ақ, басқа да кейбір халықаралық келісімдерді еліміздің Ата заңымен сәйкестендіру жұмыстары аяқталған жоқ”,- деді И.Рогов. Осыған байланысты ол халықаралық келісім немесе оның жекелеген ережелері Конституцияға қайшы келген жағдайда ондай келісім орындалмауға тиіс екенін еске салды.

Конституциялық кеңес төрағасы мемлекеттік мекемелерді кемшіліктерді жоюға шақырды. “Парламентте жыл сайын өз жолдауын таныстыру арқылы Конституциялық кеңес нормативтік-құқықтық базаның ең осал тұстарына назар аударады. Мемлекеттік мекемелер оларға лайықты жауап қатуға тиіс. Ұсыныстар нұсқау сипатында. Дейтұрғанмен, Конституциялық кеңес республика парламенті мен басқа да мекемелер еліміздегі Конституциялық заңнаманы бұзу оқиғаларын жоюға қажетті барлық шараны қолданады деп сенеді”,- деді ол.