"Контрабандамен айналысты деп айыптады": Африкаға жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтардың басы бәлеге қалды

Осыдан 4 ай бұрын шетел асқан 44 жасар Арай Түсіпжанов пен 55 жастағы Ділмұраттың құжаттарын шетелдік полиция қызметкерлері тартып алып, қамап қойған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап.

Арай Түсіпжанов Нигер елінің астанасы Ниамейге араб тілінен аудармашы болып жұмыс істеуге кеткен.

"2023 жылы қазан айының 13-де Нигер еліне сапар шекті. Қазақстаннан Фархат деген азамат және Ресейдің Рамиль деген азаматы екеуі Нигер елінде бизнес жасау керек болды. Фархат таныстар арқылы шығып Арайға ұсыныс жасайды. Ол жақтағы шақырған адамдар арабтар екен. Сондықтан араб тілінен аудармашы керек болды. Барғаннан кейін сол жақтағы ливиялық арабтарға барады. Олар Нигерияға медициналық құрылғылар апару керек болады. Менің жолдасым аудармашы болып кеткеннен кейін көп мән-жайды білмеген. Кейіннен олар алаяқ болып шығады. Ол жақтың құзырлы органдары оларды қамауға алады, компанияны жауып тастайды, директорын түрмеге қамайды. Сол кезде менің жолдасымның да құжаттарын алып қояды. Бізге осы жағдайға байланысты сыртқы істер министрлігінен, елшіден ешқандай көмек болмай тұр. Біздің азаматтарымыздың сол жақта күтіп жатқанына 4 ай болайын деп жатыр. Ер адамсыз 5 баламен күтіп отырған маған да оңай емес", - дейді Арай Түсіпжановтың жары Меруерт Әбуғазина.

Видеодан скрин

Нигер елінде құжатсыз қалған екінші азаматтың әйелі Зүлфия Садырова "күйеуім ештеңені ашып айтпады" дейді.

"Ол маған Нигерияға барамын деп ашығын айтпады. Жұмыспен, достарыммен жүрмін деді. Бизнеске қатысты құжаттарды реттеп, 5-7 күнінң ішінде қайтып келемін деді. Бұл жұмысты Фархат деген кісі тауып берген,13 қазан күні ұшып кетті. Күйеуім тіл білмейді, қарапайым жүк көлік жүргізушісі. Барғаннан соң бәрі жақсы, уайымдамаңдар деді. Екінші күні Нигер еліндегі фирма, арабтар бұлардан 47 мың доллар сұрапты. Үшінші күні бұлар елге қайтайын деп жатқанда бұларды қайта шақырып, құжаттарын алып қойған", - дейді алданған екінші азаматтың жары Зүлфия Садырова.

Арай Түсіпжанов пен Ділмұрат Садыров жұмыс істеуге барған компанияны жергілікті билік контрабандамен айналысты деп айыптап, жерлестеріміздің төлқұжатын тартып алған.

"Үш айдан асты бір бөлмеде, бір төсекте кезектесіп ұйықтап жүрміз. Елші келіп кетті, бірақ 3 айдан асты әлі жауап жоқ. Бізді Қазақстанның билігі іздеп жатқан жоқ. Бұл жақ бізге қазір ешқандай кінә артып отырған жоқ. Қасымыздағы Ресей азаматын елшісі келіп, екі апта ішінде алып кетті", - дейді Ділмұрат Садыров.

Арай Түсіпжанов та отбасын, елін сағынғанын айтты.

"Аман-есен осы жерден шығу үшін Алладан көп дұға сұрап жатырмыз. Өйткені біз отанымызды, отбасымызды қатты сағындық. Сондықтан сіздерден көмек сұрап жатырмыз", - дейді Арай Түсіпжанов.