Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Рамазан Сырлыбайұлы BAQ.KZ YouTube арнасына берген сұхбатында инсульттың негізгі себептерін атады.
"Жылдан жылға инсульттың жасаруы байқалады. Инсульттың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Менде қазір бір науқас жатыр. Бас миына қан кеткеннің әсерінен инсульт алған. Жасы 30-да. Бас миының қан тамырында ақауы болған, оны аневризма дейді. Сол жарылып, бізге жедел жәрдем көмегімен түсті. Ота жасалды, қазір жағдайы қалыпты. Инсульт жасарып жатыр. Себебін нақты айту қиын. Кейде туа пайда болған бас ми қан тамырларындағы аурудан болуы, түрлі жарақаттардан пайда болуы мүмкін. Не болмаса науқас өзі дәрілер ішіп, ол дәрілер жанама әсер беріп инсультқа алып келуі де ықтимал. Сондай-ақ, биологиялық активті заттардың әсерінен, контрацептивтерден де болуы мүмкін. Әртүрлі науқастарды кездестіріп жатамыз. Анамнезінде өздігінен, дәрігердің қарауынсыз интернеттен көрген түрлі дәрілерді қабылдап, зардабын тартып жатады. Дәрігердің тағайындауынсыз, ешқандай лабораториялық анализдерсіз дәрі ішуге болмайды", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол еркектік қуатты арттыратын дәрінің қауіпті екенін де айтты.
"Виаграның әсері өте үлкен. Оны уролог-андролог маманның кеңесінсіз ішуге рұқсат бермейді. Өте қауіпті дәрі. Жүрек қан тамырлары ауруларына әсер етеді. Миға, басқа да ағзаларға қанды жеткілікті түрде апаруының бұзылысына әкеледі. Оның салдары инсультқа әкелуі мүмкін", - дейді ол.