Бақытты шаңырақта отағасы Нұрболат Сәндібеков Ақжайық ауданы Бударин ауылдық мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарса, зайыбы Гүли - «Жайдарман» халықтық әжелер ансамблінде концертмейстер.
«Республиканың түкпір-түкпірінен көп балалы, өнерлі де ұлағатты отбасылар жиналды. Өз табыстарымыз бен жетістіктерімізді көрсете білдік. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев сынды атақты адамдармен танысуымыз үлкен мәртебе болды. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұлттық байқауға келген әр отбасына келіп, жағдайын сұрап, білуі бізді ерекше әсерге бөледі. «Қай жерден келдіңдер?» дегенде, «Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданынан» деп жауап бердік. Президенттің кішкентай балаларды жақсы көретіні белгілі. Кішкентай Нұржанымыздың басынан сипап, танысса, қыздарымызды суретке түсуге шақырды. Өзі сыйлаған автокөлікті ұсынып тұрып: «елдеріңе аман-есен жетіп алыңдар», деп кішіпейілділік танытты.
Біз көп балалы отбасында өстік. Әкем домбыра тартып, анам ән салатын, үйімізде той-думан үзілмейтін. Осы өнерді балаларымызға үйреттік. 2009 жылы отбасылық ансамбліміз құрылды. Ұл-қыздарымыз түрлі аспаптарда ойнауды үйренді. Содан кейін, облыстық «Алтын ұя» байқауында бірінші орын алдық. 2013 жылы «Өнер шаңырағы» атты отбасылық ансамбльдердің облыстық байқауында екінші орынды еншіледік. Осы жетістіктер «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына ұласты. Енді
Елбасымыздың сарабдал саясатын, ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында көршілес аудандарға, тіпті, мүмкіндік болса, облыстарға шығып, өз өнерімізді көрсетпекпіз, - дейді Нұрболат Сәндібеков. Осы сөзге балалардың анасы Гүли де қосылып, елордадан қанаттанып қайтқандықтарын, адам бақыты еңбекте, Қазақстан болашағы осындай көп жанды, берекелі де мерекелі отбасыларда екендігін жеткізді.