Редакциямызға Алматы қаласының тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап көпбалалы аналардың балалары балабақшаға тегін барудан қағылады. Осылайша ата-аналар онсыз да қиын заманда жағдайларының ауырлап бара жатқанын айтуда. Caravan.kz медиа порталының тілшісі көпбалалы анамен сұхбаттасып, мәселені анықтап білді.
Журналист Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында алаңдатарлық жаңалықпен бөлісті. Оның жазуынша, 2026 жылдан бастап балаларын баға алмай, жетімдер үйіне өткізуді өтінген аналар көбейген. Дәлел ретінде журналист хабарламалардың скриндерімен де бөлісті.
Осы ретте Caravan.kz редакциясына көпбалалы ана Жазира Маханбетова (сұхбат берушінің өтініші бойынша аты өзгертілген) жүгінді. Оның айтуынша, осы жылға дейін балалары мемлекеттік балабақшаға тегін барып келген. Алайда 2026 жылдың басынан бастап жаңа қаулы қабылданыпты. Оған сай, енді балабақшаға тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары ғана тегін бара алады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 9 шілдедегі Nº523 қаулымен бекітілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға тегін тамақтану құқығы сақталады. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын отбасылардан шыққан балалар бұрынғыдай барлық өзге негіздер бойынша тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Бұл өзгеріс еңбек етіп жүрген, бірақ АӘК ала алмайтын көпбалалы отбасыларды алаңдатып отыр. Себебі олар әлеуметтік жағынан «аз қамтылған» санатына кірмегенімен, шығындарын әрең өтеп отырған отбасылар.
«Мен көпбалалы анамын, 2025 жылдың соңына дейін қыздарым балабақшаға тегін баратын еді, енді қаулы шықты деп жатыр. Ол бойынша тек АӘК алатын ата-аналардың балалары ғана тегін барады екен. Ал біз АӘК алмаймыз, себебі жолдасымыз екеуміз де жұмыс жасаймыз, бірақ табатын ақшамыз ипотека төлеуге, азық-түлікке кетеді. Сол үшін барынша жұмыс жасауға тырысамыз ,ал жұмыс жасаған адам АӘЕ-ке іліне алмайды», - дейді көпбалалы ана.
Яғни, жұмыс істейтін көпбалалы ата-аналар АӘК-дан тыс қалып отыр. Бұл жерде ескере кететін фактор бар. Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен болса, онда АӘК тағайындалады. Бұл ретте ипотека, несие, жалдау сияқты шығындар есепке алынбайды. Сондықтан көпбалалы болу АӘК алуға автоматты түрде құқық бермейді.
Салдарынан қазір АӘК алмайтын көпбалалы ата-аналар балабақшаға берілетін бұрынғы жеңілдіктерден айырылуда.
«Енді “АӘК алмайсыздар, балабақша ақысын төлейсіздер” деп отыр. Менің екі балам балабақшаға барады. Ақпан айынан бастап екеуіне шамамен 52 мың теңге төлеуіміз керек. Бұл сома біздің отбасымыз үшін өте ауыр», - дейді ана.
Бұл сома ипотекасы, коммуналдық төлемдері, азық-түлік шығындары бар отбасылар үшін үлкен салмақ.
Көпбалалы аналар жаңа өзгерістермен келіспейтінін білдіріп, билікке үндеу жолдады. Олар балабақшаға тегін бару мүмкіндігін тоқтатпауды өтінеді. Толық мәтін төменде:
"Сіздерге көпбалалы отбасылардың балалары үшін балабақшаға тегін бару мүмкіншілігін тоқтатпау туралы өтінішпен жүгінеміз. Бұл қолдау шарасы көптеген отбасылар үшін өте маңызды, бұл жеңілдік олардың балаларына сапалы мектепке дейінгі білім мен дамуға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұндай қолдау шарасы төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін өте маңызды. Тек қана күнкөріс деңгейі төмен отбасыларға ғана тегін етеміз деп жатыр екенсіздер, бірақ біз бұл шешіммен барынша келіспейміз, себебі мемлекеттен үй алу бағдарламаларына қатысу үшін төлем қабілеттілігін растау және де басқа да қажеттіліктеріміз үшін барынша жұмыс жасап жатқан аналар бар, олардың күнкөріс деңгейі әрине тиісті мөлшерінен асып кетуі мүмкін, алайда балабақшаға тегін бару оларға жұмыс істеуге, оқуға және балаларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жеңілдікті алып тастау көпбалалы отбасылардың жағдайының нашарлауына және олардың әл-ауқатына теріс әсер етуі мүмкін. Көптеген көпбалалы отбасылар қаржылық қиындықтарға тап болуы және балабақшаға ақы төлей алмай қалуы мүмкін. Сізден көпбалалы аналарға арналған балабақшаға тегін бару мүмкіншілігін сақтауыңызды сұраймыз. Сіздерден осы маңызды әлеуметтік кепілдікті сақтап, бюджетті оңтайландырудың балама жолдарын қарастыруыңызды, бірақ өтініш көпбалалы аналардың жеңілдігіне барынша қол сұқпауларыңызды сұраймыз! Біздің өтінішімізге назар аударғаныңыз үшін алдын ала рахмет".
"Біз осындай өтініш жолдадық, көпшіліктің қалауы осы, ата-аналар тегін болғанын қалайды, алайда әрі қарай қайда баратынымызды, не істеу керектігімізді білмейміз. Көпшілік болып айтпасақ, жалғыздың үні шықпайды", - дейді Жазира Маханбетова.
Қазақстан заңнамасында көпбалалы отбасыларды қолдау тетіктері бар. Іс жүзінде көптеген қолдау шаралары табысына қарай ғана өлшенеді. Мысалы 2025 жылдың қыркүйегінен бастап балабақшалардағы тегін тамақтану барлығына бірдей қолжетімді болмай қалды. Мемлекет бала санына ғана емес, нақты табысқа бағытталған, атаулы қолдау жүйесіне көшті.
«Біз тек көпбалалы ретінде барып жүр едік, енді осының барлығына сай болу керек дейді, квартал сайын дәлелдеп, ал ол үшін біз жұмысымызды тастап ешнәрсе істемеуіміз керек пе? Беріп жатқан көмектерін де тоқтатып жатыр», - деп түсінбейді көпбалалы ана.
Мемлекеттік орган өтінішке АӘК алушы ретінде тіркелу керек деп жауап қайтарған.
«Күніне тамаққа 1220 теңге төленеді. Жауапқа қарағанда, біз де сол тамақ есебінен тегін барып жүрдік. Бізге тым болмаса көпбалалы ретінде тегін бару мүмкіндігін қалдырсын деп өтінеміз», - дейді ана.
Ата-аналардың өтініші жолданды, бірақ жауап әлі жоқ. Редакция бұл мәселені бақылауда ұстайды.