Корея елінің Тэгу қаласында Алматының мәдениет күндері өтіп жатыр

Салтанатты рәсімнің ашылуына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және Тэгу қаласының басшысы Ким Бум-Иль қатысты.

Мәдениет күндері аясында әр түрлі музыка бағыты мен жанрдағы әртістердің қатысуымен гала-концерт өтеді деп жоспарлануда. Оған еліміздің белді әртістері Нұржамал Үсенбаева, Асылбек Еңсепов, Айгүл Қосанова, «Арнау» дуэты, сондай-ақ, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және тағы да басқа әртістер қатысады деп көзделген. Сонымен қатар, отандық дизайнерлердің сәндік киім көрсетілімі өтеді. Сондай-ақ, Алматы туралы фото көрме, қолөнер бұйымдарының және көне зергерлік бұйымдардың көрмесін ұйымдастыру да жоспарланған.

Алматы және Тэгу арасында ынтымақтастық орнату туралы келісімге 1991 жылы қол қойылған болатын.

Тэгу - Корея Республикасының халықтың көп шоғырланған ең ірі қалаларының бірі. Ол экспортқа тауар шығарудың орталығы болып табылады. Қалада дәстүрлі түрде көлік жасау және метал өңдеу саласы жақсы дамыған. Сонымен қатар, тоқыма өнеркәсібі жақсы дамып, бүгінде экспортқа шығарылатын маңызды өнімнің бірі болып отыр.