Осыдан екі жыл бұрын Медеу шатқалындағы дүлей дауылдан соң қарағай біткеннің барлығы қирап, тау бөктері жалаңаштанып қалған еді. Жапырылып қалған ағаштарды мамандар ұзақ санап, жалпы көлемі 100 мың текше метрден асады деген қорытынды жасалған-ды. Қалпына келтіру жұмыстары сол кезде-ақ басталғанымен, табиғаттың тосын сыйының салдарын қалпына келтіру үшін әлі де ұзақ уақыт қажет екен.
Қызайбай Мұңасбаев, Медеу өңірлік мемлекеттік паркінің бөлім бастығы:
- Қалпына келтіру үшін кемінде 5-6 жыл керек. Әзір міне 3 жыл болды, тағы 3 жылдан осындай ағаштарды отырғызуды жалғастыра береміз.
Дауылдан өзге былтыр ғана Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында алапат өрт шығып, Мохнатка шатқалының 21 гектар жері түгел өртеніп, күлі ғана қалған. Осындай оқыс жағдай қайталанбау үшін жауаптылар арнайы техника алған. Бірақ ол таудың төменгі бөктеріне ғана жетеді екен.
Қайрат Көлбаев, Медеу өңірлік мемлекеттік паркінің материалдық-техникалық бөлім бастығы:
- Помпалар міне жұмыс істеп жатыр. Ол осы аймақтарда жаңадан егілген ағаштарды суару үшін және өрт қауіпсіздігін сақтау үшін алынған.
Апаттың алдын алу үшін өрт тұтатуға тыйым салынады деген түрлі ескерту тақтайшалары қойылып, туристерге нұсқаулықтар жасалған. Бірақ Медеу шатқалын қадағалайтын 92-ақ қызметкер бар екен.
Асылбек Шарахметов, Медеу өңірлік мемлекеттік паркі директорының орынбасары:
-Медеу өңірлік паркінің штатында 92 адам болатын болса, оның 52 кісісі қалалық экологиялық инспекциясы, ал қалған 40 кісі осы паркте қызмет жасайды.
Ал мамандар саны сол күйі қалғанымен, өрт жағып, тәртіпті бұзғандарға қатысты жаза қатаңдатылған. Енді экологиялық инспекцияның құрығына ілінгендер кемі 25 мың теңгеге айыппұл төлейтін болады.