Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап, Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
"6 қаңтар бері 89 адам бөлек боксқа жатқызылған болатын. Барлығында дене қызуы мен өткір респираторлық вирусты инфекция болды. Стационарда 46 адам қалып отыр. 43 адам үйіне жіберілді", - дейді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, Қытайдан келген барлық адамнан сынама алынады. Соның бәрі Алматыдағы ерекше қауіпті инфекциялық аурулар бойынша ұлттық орталыққа жіберіліп отырады. Себебі ол жерде жаңа коронавирусты анықтау диагностикасы бар.
"Бүгінде Қазақстанға Қытайдан келген азаматтардың 90 процентімен байланыс орнатылды. Барлығы – 6 қаңтардан бері Қазақстанға келген азаматтар. Олардың ішінде өз азаматтарымыз және шетелдіктер бар", - деп атап көрсетті Бекшин.
Қытайда қауіпті вирустың таралуы
Қытай билігі 2019 жылдың 31 желтоқсанында Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралғаны туралы хабарлады. Мамандар ауру 2019-nCoV коронавирусынан пайда болғанын анықтады.
Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 17,2 мың адамнан асты, 361 науқас қаза тапты. Тағы шамамен 150 азамат Қытайдан тыс жерде ауырып қалды, олардың біреуі көз жұмды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің таралуын халықаралық маңызды төтенше жағдай деп жариялады.
Қазақстанда коронавирус жұқтыру жағдайлары жоқ. Республика Қытаймен әуе және теміржол қатынасын уақытша тоқтатты.