Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер денсаулық сақтау министрлігінің өкілінен "омикрон" бойынша вирустың шарықтау шегі қашан болжанып отырғанын сұрады.
"Біз эпидемиологиялық жағдайға үнемі болжам жасап тұрамыз. Өздеріңізге мәлім, бізде болжам реалистік, оптимистік және пессимистік сценарий бойынша жүргізіледі. Бүгінгі болжам бойынша коронавирус жұқтырудың шарықтау шегі ақпан айының ортасына тұспа-тұс келіп тұр", - деп жауап берді Айжан Есмағамбетова.
Бұған дейін 12 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі "омикрон" штамының табылуына байланысты эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады.
Оптимистік сценарий кезінде ревакцинациямен 100% қамтылғанда және профилактика шараларын жаппай сақтағанда, тәулігіне 17 мыңнан астам жағдай тіркелуі мүмкін.
Реалистік сценарийге сәйкес, ревакцинациямен 70%-ке дейін қамтылғанда, профилактика шараларын ішінара сақтағанда, тәулігіне 25,5 мың адам індетке шалдығады.
Ал пессимистік сценарий кезінде – ревакцинациямен 40% қамтылғанда, профилактика шараларын сақтамаса, тәулігіне 40 мың адам вирус жұқтырады деген болжам бар.