Коронавирустың тұмаудан айырмасы қандай?

Биыл ОРВИ, тұмаудың үстіне коронавирус та келіп қосылды. КОВИД-тен гөрі жыл сайын тыныс алу жолдарының өзге де ауруларынан адамдар көбірек көз жұмады емес пе деген сөздер жиі айтылады. Құр сөзден гөрі отандық әрі шетелдік мамандардың пайымына көз жүгіртуді жөн деп таптық.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздің Бас санитар дәрігері болған Жандарбек Бекшин жыл сайын тұмауға қарсы вакцина салыңдар деп шақырып жүріп, өзі де укол алғанын көрсетіп еді кезінде. Биыл жағдай өзгеше. Коронавирус әдеттегі өмірді күрт өзгертті. Індет әдетте тұмау, ОРВИ сияқты жұқпалы аурулар тарайтын кезге дөп келгендіктен, қатты даурығудың қажеті қанша деген сөздер айтылып жүр еді. Бекер айтылды ма деп қаласың. Қазір сол тұмауға душар болатын әлсіз топқа тағы бір қауіп келгендей.

ДАНА БАУЫРЖАН, ПЕДИАТР:
"Бір жасқа дейінгі балалардың иммунитеті әлі қалыптаспаған, оның денсаулық жағдайы нақты анасына байланысты. Сол үшін осы кезде анасында қосымша аурулары бар болса, анемия сияқты. Ол баланың денсаулығына тікелей әсер етіп жеңіл респературлы аурулардың асқынуына алып келуі мүмкін".

Осы коронавирустан көз жұмғандардың біразы пневмония, қант диабетімен ауырғаны туралы естіген боларсыз. Жылда келетін респираторлы аурулар дәл осы топқа үлкен қауіп еді.

НАЗЕРКЕ ҚАЛИТҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР-ТЕРАПЕВТ:
"Қауіп тобы ретінде менің өзімнің практикамда жасы 50 ерлер үшін, әйелдер үшін 55 асқан көбіне қант диабеті, қан тамырлары жүйелерінің аурулары бауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар ауруларда өте ауыр түрде өтеді.Сонымен қауіптілік тобына өкпенің созылмалы ауруымен ауыратын адамдар, темекі шегетін адамдар және иммунитеті төмен адамдарды жатқызамыз".

Ресми дерек бойынша, елімізде 2009 бен 2018 жылдар аралығында тыныс алу жолдары арқылы көз жұмғандардың саны шамамен екі есе өскен екен. 100 мың адамға шаққанда, 87 өлім тіркелген. Сәт сайын өзгеріп отырған короноавирус статистикасына қарасақ жұқтырғандардың 20 пайыздайы емделіп шықты. 1,3 проценті көз жұмған. Есептеу әдісі екі түрлі болғандықтан, салыстыру қиындау. Дамыған деген Америкадағы жағдайға назар салайық.

ЭНТОНИ ФАУЧИ, ҰЛТТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ АЛЛЕРГИЯ МЕН ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:   


"COVID19 немесе коронавирустан ауырғандардың 1 проценті көз жұмып жатқанын шамалап есептеуге болады. Ал маусымдық тұмауға шалдыққандардың жыл сайын 0,1 проценті көз жұмады. Осыдан әлемді жайлаған індет тұмауға қарағанда 10 есе көбірек өлімге әкеп соғатынын байқаймыз".

Коронавирусты пандемия деп жариялаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша көрсеткішті келтірді. Жаңа вирус әдеттегі тұмаудан 3 есе қауіпті екен.

ТЕДРОС ГЕБРЕЙЕСУС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:   
"Бүкіл әлем бойынша коронавирустан жұқтырғандардың 3,4 проценті көз жұмған. Бұл тұмаудан болатын өлімнен 3 есе артық. Бұның өзі уақытша көрсеткіш. Өйткені статистика қазірдің өзінде өзгеріп жатыр емес пе. Тұмау мен жаңа вирусты салыстыратындарға келетін болсақ, коронавирус тұмауға қарағанда бойда бар ауруларды анағұрлым жылдам асқындырады".

Оған себеп әр түрлі. Вирусқа қарсы иммунитет әзірге жоқ. Екіншіден, қарсы вакцина әлі табылмады. Қалай дегенімен, қай ауруан болса да сақ жүрген артық етпейді ғой. Сондықтан статистиканың жайсыз жағына ілікпеудің амалын жасайық.