"Корпоративті кешке не киемін?" Стилист әйелдердің жаңа жылдағы басты сұрағына жауап берді

Осыған орай Caravan.kz тілшісі белгілі стилист Айсұлу Азаматқызымен сұхбаттасып еді.

Ендеше, дүкен аралар алдында маманның мына кеңестерін ескере жүріңіз: 

"Ең әуелі киімнің матасына мән берсек, жылтыр түстер сәнді көрінеді. Егер қымбат көрінгенін қаласаңыз, бархат матасынан тігілген киімдерді таңдаңыз", - дейді стилист. 

Жаңа жыл көп шығындалатын мереке. Егер, жаңа көйлектер алуға қаражатыңыз болмай тұрса, қара аспанды төндірудің қажеті жоқ екен. 

"Өзіңізде бар, күнделікті киіп жүрген киімдеріңізге аксессуар қосып жіберсеңіз кешке арналған образ болып шығады. Көзге бірден түсетін сырға, жылтыр сөмке, ашық түстегі аяқ киімдер мәселеңізді шешіп береді.

Бастысы, жаңа жылдық корпоративке қарапайым үлгіде киініп барудан аулақ болуды ескеріңіз.

Негізі, биылғы қыстың тренд түсі - күрең қызыл. Шопинг кезінде осы түстерге назарыңызды сала жүріңіз.

Сондай-ақ, әлемдік брендтердің таңдауы қазір көйлек, белдемшелердің макси (тобықтан келетін) ұзындығына түсіп отыр. Дегенімен, билеуге, қимыл-қозғалысқа түсуге қолайсыз болғандықтан, сәнде екеніне қарамастан бұдан бас тартуыңызға тура келеді. Сол секілді, тым қысқа киімдерді де кимей-ақ қойғаныңыз жөн.


Әріптестердің арасында ашық-шашық киіну сіз туралы жағымды пікір тудырмайды. Сондықтан, кешке дайындалғанда мұқият болыңыз. Образды жан-жақты ойланып жасау керек.

Ал, аяқ киім таңдауға жеке тоқталатын болсақ. Менің берер кеңесім мынадай:

Жалпы кез келген мерекеге 8 сантиметрден жоғары аяқ киімдер денсаулыққа зиян. Ойын-сауық көп болатындықтан барынша ыңғайлы болғаны дұрыс. Оның үстіне өте биік аяқ киім кию қазір сәнде де емес.