Көршілердің кикілжіңі сотқа жетті

Бүгін жоғарыдағы 9 қабаттың тұрғындары төмендегі қөршілерінің есігін қағып тағы келді. Қонаққа емес, әрине. Өздеріне тиесілі жылуды дауламаққа. Айтуларынша, жұртты суық үйде тоңуға мәжбүрлегендер осында тұрады. Есікті қанша қаққанымен, пәтер иесі жылы ұясынан сыртқа шықпады.

Көршілердің арасындағы теке-тірес өткен қыста басталған. Жеке басының қамын күйттеген азамат өз бетінше жылу сорғыш құрылғыны орнатып алыпты. Қазір жылу құбырындағы ыстық су тек бір ғана пәтерге келіп, бірінші қабаттан жоғары көтерілмейді екен. 

Зейнеш Бәлекова, Ақтау қаласының тұрғыны:

–Үйдің іші қара боран. Қай жаққа кетерімізді білмей отырмыз. Жарық болса, қайта-қайта сөніп қала береді. Бала-шаға ауырады, бақшаға бара алмайды.

Сақылдаған сары аязда қалтыраған тұрғындар енді үйлерінің ішінде сырт киіммен жүруге мәжбүр.

Нұрбану Матжанова, Ақтау қаласының тұрғыны:


–Төмендегі көршіміз насос қондырып алған. Соның себебінен жылу жоқ. Оны сотқа бердік. Соттың шешімі бар. Бірақ ол біле тұра ешнәрсе істеп отырған жоқ.

Көршілер тіпті, пәтер иелері кооперативінен үйге толығымен жылу беруді тоқтатуды сұраған. Бұл әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң сотқа да шағым түсіріпті. Жұрттың пайдасына шешім де шыққанымен, жылуды сүйетін қожайын қаймығар емес.   

Бекзат Боранбаев, сот орындаушысы:

-Сот шешімін орындамаған азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғау туралы хаттама толтырдық. Сонымен қатар, заңды сот шешімін орындамаған әрбір күн үшін бір айлық есептік көрсеткіш бойынша  айыппұл төлеуі тиіс.

Десе де мәселе қылмыстық іске жетпей шешілді. Қатарынан төрт рет келген сот орындаушылары бүгін ақыры пәтерге кіріп, жылу сорғыш құрылғыны күштеп алдырып тастады.