Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Елімізде облыс орталықтары мен Алматы, Астана секілді ірі қалаларда тіркеусіз жүргендер көп. Көбі ауылдан жұмыс іздеп келгендер мен студенттер. Басым бөлігі кісі есігінде күнелтіп, пәтер жалдап жүр. Енді олар бір ай ішінде уақытша тіркеуге тұруы тиіс. Онсыз емін-еркін жүріп-тұра алмайды.
"Егер азаматтар өзге аудан немесе қалада бір айдан артық болса, тоқтаған қонақ үйде немесе, жалдаған пәтерінде тіркеуге тұруы қажет. Үйін жалға беретіндер де әрбір клиентін тіркеуге алуға заңмен міндеттеліп отыр. Тіркеуге алу процесі жеңілдетілген. Бұрыңғыдай екі күн емес, небары 10-15 минут уақыт кетеді" дейді ҚР ІІМ Көші-қон полициясы комитеті басқарма бастығының орынбасары Галина Сәрсенова.
Қазақстанда бұған дейін өзге қалада тіркеусіз жүруге үш ай уақыт берілетін. Енді бұл мерзім бір айға қысқартылып отыр. Егер осы уақытша тіркеуке тұрмасаңыз, баспана қожайыны 20 мың, ал пәтерді жалдаған адам, 16 мың теңгеден аса айыппұл арқалайды. Заңға бағынбай жасырынып жүргендерді полицейлер үй-үйді аралап жүріп ұстамақшы. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталықтарында қазірден тіркеуге тұруға асығып жатқандар көп. Айтпақшы, қалада уақытша тіркеуге тұру үшін ауылдағы үйден тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Тек, жаңа ереже бәрінің бірдей көңілінен шықпады.
"Мәселен, пәтер қожайыны клиентін менің қонағым немесе туысым дей салады. Оның кім екенін полицей қайдан білсін. Кейін көшедегі адамдардан да тіркеу қағазын сұрайтын болады. Сонда тәртіп сақшыларының істейтін басқа жұмысы жоқ па? Қылмыскерді кім ұстайды?" дейді заңгер Жохар Өтебеков.
Бұл ереже Ақтөбе мен Алматыдағы терактілерден кейін қабылданды. Өйткені, тапа-тал түсте сойқан салған содырлар жымысқы ойын жалдамалы пәтерде жатып іске асырған болатын.
Сондықтан ішкі көші қонды қатаң бақылауға алған Ішкі істер министрлігінің арыны қатты. Тіпті 1-ші ақпаннан бастап тіркеуге тұрмағандарды жазалап, айыппұл сала бастамақ. Бұны естігендер жаппай тіркеуге тұруға жанталасатыны анық. Оның үстіне халыққа қызмет көрсету орталықтарының да жұмысы қызғалы тұр.